Сансыз үміт самалы есіп алдан,
Күндер өтіп барады,
Кешіп арман.
Сұрамашы себебін, қалқам, менен,
Кездерім көп, өзіңді есіме алған...
Қырандайын қағылез, от жанарың,
Сезіп едім,
Жүректі шоққа орарын.
Кездестірген өзіңмен ойда жоқта,
Сол күндерге –
Сарылып, көп қарадым...
Қағып жүрсің қанатты, талмай шыңда,
Шыңда жүріп сырыңды –
Жалғайсың да.
Түс секілді сол көрген бір кездесу,
Қала бердік,
Сен де, мен
Қанбай сырға...
Өзендерден арынды ішкен тұнық,
Асау едім,
Жүретін түспей құрық.
Сырлы сезім есіліп жүрегіңнен,
Сездірмеген боласың,
Іштей бұрып...
Ой-армандар бар еді, көздеген көп,
Кесір жылдар,
Жатты алда,
Көлденеңдеп...
Үнсіз ғана елжіреп ғашық жүрек,
Үнсіз ғана күй кешті сезбеген боп...