29.06.2022
  118


Автор: Марфуға Айтқожина

АЛМАТЫ АҚШАМЫ

Тұңғиық түндеріңнен басталып əн,
Тұнықты тұндыра ішкен бастауынан
Таңымды құланиек құзда атырып,
Алматы жалындадым, ақшамынан!
Көктемнің күндеріндей күркіреген,
Бақытты жүрек қандай,
Жыр түнеген!
Ақ қарды сілкіп тастап иығынан,
Қасқайып,
Қыран – шыңдар,
Тұр түлеген!
Қалдырып Тəңіртауда көктемімді,
Көкірек көз жасына –
Көп көмілді...
Аңсаған сол көктем бе деп қаламын,
Құстармен –
Қиқулатып жеткен үнді!..
Күн шалды биігімді мұнарланбай,
Көктемге өтеді екен, құмар қанбай.
Аспанды əнге ораған көк тырналар,
Көрінді аспан таққан тұмарлардай!
Жаңғырып жатқан кезде аспан үнмен,
Бұл күнім ұқсамайды,
Басқа күнмен.
Шуаққа шомылады жүрек бүгін,
Үндесіп Алматының ақшамымен.
Ақшамы Алматының нұрлы қандай,
Ақшамы Алматының –
Сырлы жандай.
Көктемің жанға ыстық сезіледі,
Бірге өсіп,
Бөлек кеткен, құрбы-жандай!..





Пікір жазу