29.06.2022
  107


Автор: Марфуға Айтқожина

АЛМАТЫ

Жаңғырған заман жаңа, көше жаңа,
Келмейтін шалымына неше қала.
Абайдың тойын тойлап қазақ елі,
Дүние дүбірлеген –
Кеше ғана!
Асып тұр салтанаты Алматының,
Жырласам Алматыны –
Талмас үнім.
Аралап жердің жүзін кеткен жоқ па,
Дақпырты Алматының –
Алмасының?!.
Жасыл бақ, жайқалады өрімделіп,
Еңсеміз биіктеді, өрін көріп
Өркеші Алатаудың
Аспан бойлап,
Көңілге тұрған жоқ па, сенім беріп!
Алматы көктеміндей бүр ашатын,
Көңілді жайлар қанша жұбататын.
Тұр екен, көктем – ару, гүл ұсынып,
Жамбылдай еркелетіп,
Жыр – Атасын!
Қанатқа алып құстай ғасырды ілген,
Алматым, Ару қала, жасыл киген.
Тəкаппар, ақын қызың болсам-дағы,
Алдында сұлулығың басымды игем!
Қасқайып қарап тұрған қия-шыңдар,
Көкейге мəңгілігін құятындай.
Сайраған бұлбұлдары,
Сан құбылтып,
Алматым, сұлулықтың ұясындай!





Пікір жазу