29.06.2022
149
ШАХМАРДАН
Əнді құшып, сонау жастық шақтардан,
Ғасырлардың сыр сандығын ақтарған.
Қоңыр үнді,
Қоңыраулатып шырқаса,
Тындаушысын таңқалдырған –
Шахмардан!
Бозторғаймен бірге оянып ақ таңнан,
Көкіректен –
Күмбірлі күй ақтарған!
Сұлу сақал көрік беріп жүзіне,
Сұлуларды –
Сұқтандырған –
Шахмардан!
Нəзік қылын дірілдетіп жүректің,
Дауысыңда бір ерекше –
Тұр екпін!..
Дүниені сілкіндірген жезтаңдай,
Гераклі, – таңдай қаққан,
Гректің!
Дауысынан оянатын даласы,
Қоңыр үнді,
Даланың қоңыр баласы!..
Операсын шырқағанда Əлемнің,
Бір өзіне –
Баурап тұр ғой, қарашы!
Бозторғаймен бірге оянып ақ таңнан,
Көкіректен сырлы əуендер ақтарған.
Биіктетіп тұрған жоқ па,
Тауымды,
Хас өнердің мақтанышы –
Шахмардан!.