28.06.2022
  418


Автор: Марфуға Айтқожина

КӨКТЕМ ТҮСІ АУМАЙДЫ КӨК ТУЫМНАН

Құстар да қайта оралды қағып қанат,
Қайта оралған құстардан тауып тағат –
Көктеммен көктем болып кеткендеймін,
Көл-көсір көңілімді шабытқа орап.
Көктем екен, еркелеу, ерекшелеу,
Жаныңа бір сүйеніш,
Керек демеу...
Көктем деген көңілдің құштары ма,
Мүмкін емес,
Аялап, өбектемеу.
Көктем шебер, жер бетін өрнектеген,
Көктем жатыр астасып,
Жер – көкпенен.
Көктем жанды балқытқан пəк сезім бе,
Сезім сырын жүректе тербеп келем!
Табиғаттың жарасып көктемімен,
Жан сергіді, бұлбұлдар төккен үннен.
Жастығымның көктемін есіме алдым,
Тауларында Талқының,
Шетте жүрген...
Тұнып аққан шыңдардан бастаулардай,
Сол көктемнен махаббат басталғандай.
Сол бір көктем өмірге арқау болып;
Бар өмірді –
Бір өзі басқарғандай!..
Сол көктемді аңсадым, шетте қалған,
Көкіректен айықпай кеткен арман...
Босаңсыған сезімді ширақтырдым,
Махамбет қанжарындай,
Кекке малған!
Көктем түсі аумайды көк туымнан
Көктем жайлы жырлар да
Көп туылған.
Жастығымның көктемін есіме алсам,
Өкініштен алқымға кек тығылған...
Қайта оралды құстар да қағып қанат,
Қайта оралған құстардан тауып тағат
Көктеммен көктем болып
Кеткендеймін,
Көңілімді көл-көсір шабытқа орап!





Пікір жазу