28.06.2022
  112


Автор: Марфуға Айтқожина

МҰҢ ЖАМЫЛҒАН

Сүйеу болып жаныңа асыл сезім,
Жыр боп жетті,
Алысқа атың сенің!..
Ақындарды аспанға көтеретін,
Адамға тəн тереңдік, ақыл, сенім...
Өмір кешіп келемін сенімменен,
Жыр дəні жатыр қанша себілмеген.
Сəттілікке татулық себеп болып,
Күндерім, шуақ шашып, жеңілденем.
Шын қуандым елмен-ел қауышқанда,
Айтып адам сезімін тауысқан ба.
Қап тауының қаптамай, қара бұлты,
Ақ тілектер жатса екен,
Жауып таңға!..
Толқындайды, тулайды,
Тұнық арнам,
Толқынында жылдардың шынығар жан.
Шынығып та,
Ширығып жүргеннен соң,
Мен-мұндалап тұрады биік арман!
Жүруші едім тəңірге тілек қылып,
Туған жерге тұрады
Жүрек бұрып...
Шығыс жаққа қараймын бой шымырлап,
Алатауға арқамды сүйеп тұрып.
Алатаудың бұлт көшіп шыңдарынан,
Аспандағы ақ бұлттан тыңдадым əн!
Арылғандай ол дағы мұнарынан,
Менің сыршыл жүрегім,
Мұң жамылған...





Пікір жазу