28.06.2022
  138


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚОШТАСА АЛМАЙ

(Мұхаммед Жайырбайға)
Тыныштық орнап бүгін отбасына,
Ел мен ел, тіл табысып, достасуда.
Қарсы алып келгеніңде құшақ жайып,
Бармадым кетеріңде
Қоштасуға.
Ол сені емес еді жек көргенім,
Не шара, сезімімді шектер менің.
Ойладым, көрмесін деп,
Көз жасымды,
Қия алмай,
Қоштасарда төккен менің.
Толқыған аз болып па сəттер менде,
Тұрады бұлт бүркеніп,
Аспан – кеуде.
Қол бұлғап сондарыңнан карап тұрдым,
Тəкаппар,
Талқытаудан асқан кезде.
Келгенің көңілді еді ауыл жаққа,
Қоштасу қандай қиын, бауыр басса.
Шаманың жетпегені-ау,
Шыныменен,
Кеудеде сағыныш борап,
Дауылдатса...
Тағдыр ғой, туа біткен маңдайдағы,
Армандау туған елді –
Шалғайдағы...
Жүрсе де сенсіз жерде жанбай бағы,
Ақынның алыстарға самғайды əні.
Жүздіріп жыр аққуын көңіл-көлге,
Өтеді осылайша өмір менде.
Тозады тебендей боп семсерің де,
Орандым мен
Ортаймас сезімдерге,
Болар ма ақын жанын темір деуге?!.
Берілмес бар адамға ғасыр ғұмыр,
Құрғатар кез де келер, жасымды бұл.
Талқының тауында өскен киік едім,
Таңбалап жатсын сенің
Тасыңды жыр.
Сырлы əуен Талқытаудың өрлеп төсін,
Кім білсін,
Жүрегіңді тербетпесін.
Көксейді өзіңде өткен көктемдерді,
Жасырмай, туған жерге
Жер жетпесін!..





Пікір жазу