АЙТХОЖА ҚАЖЫ
I
Мекендеп Баянжүрек, Ордабайды,
Елінен аямаған қолда барды –
Жұртына қадірі көп асқан адам,
Бұл басқа,
Бақыт тектен орнамайды!..
Баурында жапырақ жайған Бүркіттінің,
Орман болды, кешегі –
Бүршік бүгін...
Айтхожа жайында айтып жатыр əне,
Жақпарлар, келген қанша іркіп сырын...
Айтады бала кезін, жігіт күнін,
(Жатқан ғой, тау-жақпарлар, бүгіп сырын...)
Сұңқар үн,
Сұңғақ бойлы, сұлу өнді,
Жігіт жайлы қаншама тұнып тұр үн!..
Болсын деп ар алдында жүзім жарық,
Жүретін əдетімен түзу жарып –
Қажы боп оралыпты,
Айтхожа атам,
Меккеге дəл бір ғасыр бұрын барып.
Қажы атам, болмаса да асқан сері,
Көкірегінде шешендік –
Тасқан селі.
«Сөзі мерген, мінезі өткір болған,
Семсердей,
Сөзбен турап тастаушы еді...»
Аңыз көп ел ішінде Атам жайлы,
Жұрт білсін, жасырамыз қашанғы ойды.
Болмаса, бойында ерек қасиеттер,
«Айтхожа би, шешен» деп аталмайды...
II
Мекендеп Көкөзек пен Ордабайды,
Білемін аямаған, қолда барды.
Қадірі ел ішінде асқан адам,
Бұл басқа,
Бақыт тегін орнамайды!
Өтсе де суық желдің өтінде өмір,
Шешендік сөзі оқулық бетінде жүр.
Немерем келгенде алып оқулықты,
Егіліп кетті еріксіз,
Жетім көңіл...
Жетім де, жарты да емес, бүтін көңіл,
Көремін түзу ұшқан түтіндерді...
Кешегідей мені де қақпайламас,
Тегімнің кім екенін түсінді елім!
Айдалып «Итжеккенге» жетпісінде,
Тағдырдың жүрді қанша,
Тепкісінде?!.
Көрмедік қажы Атамды,
Көп естідік,
Көруді армандаймын, тек түсімде!!!