АЛЫСТАҒЫ АУЫЛДЫ САЛАДЫ ЕСКЕ
Көк мұнарға оранып дала кеште,
Көк таулардан сап-салқын самал ессе,
Көк жүзінде қалқыған ақша бұлттар,
Алыстағы
Ауылды салады еске...
Ешнəрседен алаңсыз жаның жайнап,
Көк өзеннің жүруші ең,
Жалында ойнап.
Саған деген сарқылмас
Сағыныш па,
Жүретұғын балаңның бағын байлап?!.
Көк шыңдарға қараушы ем,
Көзімді алмай,
Неткен мөлдір, өзіңдік сезім қандай!
Көп толғанып жүрген соң,
Бір көре алмай,
Таусылады екен-ау,
Төзім де
Алла-ай!..
Тастағандай сиқырлап шексіз жалған,
Күн шығатын шашырап,
Көк шыңдардан.
Өңім емес, барады түске айналып,
Көз жұмғанша
Көкіректен кетсін бе арман?!.
Көгілдір көл, көк өзен,
Көкшіл жалған,
Қол бұлғадым өзіңе көк шыңдардан.
Алматының бұлыңғыр күндеріндей,
Көлеңке бар көңілде,
Көп жылдардан...
Сенен көрген соншама əдемілік,
Бойтұмардай тағынғам, кəде қылып.
Өзің жайлы кешемін шексіз қиял,
Ұзақ таңға кірпікті əрең іліп...
Мұнар кетпей Талқының көк шыңынан,
Сағымдармен толқындап жетті бір əн.
Əлде қашан ұшып-ақ кетер едім,
Отырмын ғой,
Қанаттың жоқтығынан!...
Көк мұнарға оранып дала кеште,
Көк таулардан сап-салқын самал ессе –
Көк жүзінде қалқыған ақша бұлттар,
Алыстағы ауылды салады еске...