ТОЛҚЫНДАР КӨККЕ АТЫЛЫП ТАСЫНҒАНДА
Сөз арнау қандай қиын, асыл жанға,
Сағыныш саған деген басылған ба?!.
Өмірге келген екем тамызда мен,
Сырлы аспан айдан алқа асынғанда.
Сайрамның көлі толқып қуаныштан,
Толқындар көкке атылып тасынғанда!
Кім ұққан табиғаттың сонша сырын,
Қажымай, сол қалпында
Қалсашы үнің!
Желкілдеп Көксалада, көк бетеге,
Тамызым, əзірлепті мол шашуын.
Ақсарбас айтылыпты, тай сойылып.
Сол кешке арналыпты қанша шығын...
Тұнығы тынбай тулап Күркілдек те,
Тұрыпты шыңдар бойлап мұңсыз көкке.
Үніне нəрестенің зар болған жұрт,
Жүрегі сол күнгідей дүрсілдеп пе?!..
Əн шалқып, ұлан-асыр той жасапты,
Ойлады-ау, жұрт есінде жүрсін деп те.
Тағдырдың кезіккен соң қастығы алдан,
Алдыңғы балаларын –
Аштық алған...
Тау асып, тасты басып кеткен кезде,
Өзекте мың өкініш, ащы қалған...
Тəңірге тілек етіп бір баланы,
Көңілде үзілмей бір жатты ма арман...
Ел-жұрты болатындай елеуіне,
Солардың келген перзент «төлеуіне»...
Содан болар, ел болып тойын тойлап,
Əн-жырдың бесігіне бөлеуі де.
Сол сырды тұр ғой шертіп күні-бүгін,
Сайрамның қылкөпірдей, Кезеңі де...
Айдында аққу құстар асыр салып,
Тойлапты неше күндей, ақын халық.
Тербеген Талқы-Тəңір сəби үнін,
Бүгінде Алтай, Алатау жатыр танып...
Сол əнді қайталап жүр, ұмытқан жоқ,
Көктегі жүрген қыран батыл шалып...
Тəңірі-ай, таусылғандай тағат бүгін,
Тағы да Талқы жаққа қарап тұрмын.
Өмірге алып келген сұлу Тамыз,
Өзіңмен жаным, сырым, жарасты үнім!
Аялап алады еске, арманы жоқ,
Сол орта мені өсірген, қанатты ұлың!..
Ерекше болмаса да дайындығым,
Тамыздың қарсы аламын, айын, күнін.
Тамызда табиғат та толықсиды
Менің де ақтаруға дайын жырым!
Өзі де өмірімнің саған ұқсас,
Айыққан қашаннанғы уайым-мұңым...
Жайы осы «тауда туған қарындастың»,
Өлеңмен өмірімнің зарын бастым.
Енгенше қара жердің құшағына,
Мен осынау аңсаудан арылмаспын!..
Біз болып «соңғы көші» жалғыздардың,
Өмірде көп болса екен тарылмас күн!..
Сөз арнау қандай қиын асыл жанға,
Сағыныш саған деген басылған ба.
Өмірге келген екем өр Талқыда,
Сырлы аспан айдан алқа асынғанда.
Сайрамның көлі тулап қуаныштан,
Толқындар көкке атылып, тасынғанда!..