28.06.2022
  135


Автор: Марфуға Айтқожина

САЙРАМҒА ДЕГЕН САҒЫНЫШ

Алыстан ұшқан, аумайсың құстан, арманым,
Алды ма тосып, арманы қосып алда күн?!
Күнді де шыққан, өзің деп ұққан алаулап,
Үнің ғой сенің құлақта тұнып қалған үн...
Қайырмасы:
Сайрамның салқын, саялы кеші самалды,
Сарғайтты сонша, сағыныш билеп санамды.
Аларсың еске,
Аларсың еске, сағынып салған сол əнді...
Жапанда мынау қалғандай жалғыз жайым бар,
Құласаң құзар, неғылған терең, уайым жар.
Қайда сол күндер, күрсінбей күліп жүретін,
Айтыңдар ару,
Айтыңдар, сыршыл қайыңдар!..
Қайырмасы:
Сайрамның салқын, саялы кеші самалды,
Сыңқылдап аққу, айдында шалқар таранды.
Аларсың еске,
Аларсың еске, шалғайда жүрген балаңды.
Ай туды жаңа, сызылып сонша шалқалай,
Айымдай асқақ, қол жетпей кеткен, қалқам-ай!..
Аңсаумен сені, сағыныш көлі толқындап,
Жанарым талды, сағыныш дерті тарқамай!..
Қайырмасы:
Сайрамның салқын, саялы кеші самалды,
Сағыныш толы, шықтарға көнді жанарды.
Құстар да келді,
Құстар да келді, қанатқа іліп сол əнді...





Пікір жазу