«ҚАЗАҚ ƏДЕБИЕТІН» АЛҒАНДА...
Газеттің ерекше екен көркі бүгін,
Көркіне көрік берген –
Еркін інім!..
Қашанғы жүре берем қалтарыста,
Менің де керек шығар серпілуім!
Тұрмай ма көзді тартып көрнекті өлең,
Өлеңді оюлапсың өрнекпенен.
Жетем деп биігіне өлең-шыңның,
Құлдырамай,
Шыңына өрлеп келем!
Қаңтардың əсерленіп ақ қарынан,
Ақындық серпінменен ақтарылам!
«Тəңіртауды» оқып бір тебіренер,
Жұртын аңсап алыста жатқан ұлан!..
Сенеді адам өзіндік берік күшке,
Көңілің көншімей ме,
Көрікті іске?!.
Атажұртын алыста аңсағандар,
«Атажұртым жүр дейді, еніп түске»...
Талқының мұнар көшкен биігінен,
Тағдыр-ай,
Асықтайын үйіріп ең!..
Қиялым өңімдегі түске айналып,
Сайрамның жағасында жиі жүрем!..
Санаспай өтіп кеткен уақытпенен,
Жылаған жүрегімді –
Уатыпты өлең...
Самалымен тербелген туған жердің,
Бара жаттым толқынға –
Батып терең!..