28.06.2022
  153


Автор: Марфуға Айтқожина

ӨЛЕҢ – ТАҒДЫР

Туған жер, көз жазып сан туысымнан,
Келгенбіз, сонау Күннің шығысынан.
Жүрсем де талай асқар асу асып,
Тағдыр-ай!
Шыға алмадым уысыңнан...
Келемін құтыла алмай қыспағыңнан,
Тосылып,
Тосқауылды, тұстарыңнан.
Келемін жігерімді тасқа қайрап,
Осынау өлең-жырға құштарымнан.
Жібімей қойды неге қаталдығың,
Қалыңдап қаталдықтан –
Жатар мұңым...
Арбалып тіршілікке жүргенімде,
Арманда менің-дағы батар күнім!..
Қаншама қалың торын жайсын азап,
Күндер де өтер-кетер,
Сайқымазақ...
Тағдырым, өлең менің таңдағаным,
Ақын емес дер екен,
Қайсы қазақ?!.
Көрінбей кейде көзге, көрініп мен,
Келемін өмір кешіп өр үмітпен.
Кетпесе арманымды ажал үзіп,
Жатарсың,
Өлең-тағдыр,
Өріліп сен!
Өсіп ем арасында жасындардың,
Өлеңім, өжеттікті,
Жасырмадың!
Жұртым-ау, мерейің ғой асырғаным,
Біргемін, қайда жүрсем,
Қасындамын!..





Пікір жазу