28.06.2022
117
КӨЗ ТҮБІНЕ КӨЛЕҢКЕ ҰЯЛАТҚАН
Көп нəрсені елемей жастықпенен,
Көбелектей ұрынып,
Қаштық неден?!.
Арылмайтын аңсауды айтып қанша,
Талай қыспақ асулар,
Астық белең!..
Жасыл нұрды жамылып жер-көк бүгін,
Байқатады ерекше, сергектігін.
Алатау мен Тəңіртау, алма кезек,
Əуелеген акқудың,
Тербетті үнін.
Шынымен-ақ, көктеммен қоштасам ба,
Келеді ғой,
Күз күні тоспасаң да...
Осы ғұмыр ішінде не тындырдым,
Өтті ме өмір,
Сенделіп босқа сонда?..
Олай десем, ақынға қиянат па,
Қанша мұңды, келдік қой,
Күй орап та...
Кешегідей таңданып, таңырқамай,
Ойысты ойлар,
Ақылды – тиянаққа.
Тəуелсіз күн тұрса да самалы есіп,
Жапырақтар жайқалып, жағада өсіп
Көз түбінде көлеңке ұялатқан,
Көне күндер елесі,
Қағады есік!..