28.06.2022
  137


Автор: Марфуға Айтқожина

Сəулесіз жандар қанша санасында...

Сəулесіз жандар қанша санасында,
Сəулесіз десем, жаным
Нанасың ба?!.
Ойыңмен оқшауланып сен де тұрсың,
Ұқсап бір даладағы
Дара шыңға!
Түйір жоқ жанды көрдім түйсігінде,
Көңілім оңдайлардан түршігуде.
Көп болды ашығынан,
Бұлтты күндер,
Жүрегім
Жаралғандай, күрсінуге...
Жалп етіп сөнетіндей жаққан шырақ,
Жылайды үнсіз неге
Жас тамшылап?!.
Мұңымды теңдеп менің бара жатыр,
Жылдардың керуені
Жатқан шұбап!..
Құлпырып тұрған кезде жазым əсем,
Жарасар, өмір кешкен
Жаныңа тең!..
Жұртыңды күрсіңдіріп,
Сүйсіндіріп,
Бөлей бер,
Жүректерін назыңа сен!
Ішінде бозғұлт тұман орман ұйып,
Тұрғандай қою сырын жанға құйып..
Күндерім,
Жаныма енді салма күйік,
Көңілім, сен де серпіл,
Самға биік!





Пікір жазу