28.06.2022
  111


Автор: Марфуға Айтқожина

Беу, өмір!

Беу, өмір!
Сен қандай ағынды едің,
Аласұрған ағынға бағын дедің.
Бағынбадым еркіңе,
Басымды иіп,
Ешкімнің қолында емес бағым менің.
Бағым да өз қолымда, бақытым да,
Білген біле жатады уақытында.
Басымдағы зор бақыт –
Еркіндігім,
Байлық та,
Керек емес жақұтың да.
Керек емес атақ пен мəнсап деген,
Атажұртқа –
Алыстан аңсап келгем.
Аңсаған арманыма қол жеткенде,
Көгінде бір жұлдыз боп жансақ деп ем.
Бұлақтай мөлдіреген күміс үнді,
Тыңдаттым жұртыма өз тынысымды.
Көлдерін жаудыраған –
Көзге теңеп,
Жетісудың деп келем,
Шыңы сырлы...
Содан ба, биіктерге қарайтыным,
Содан ба, сиқырлыға арай-шыңың.
Содан ба, алабұртып, өлең жазып,
Өмірдің өткеріппін талай түнін.
Жүзімді таң шапағы шайып нұрмен,
Өзіңе қанатымды жайыппын мен.
Санамды жаппасын деп қара түнек,
Жарыса оянамын,
Жарық күнмен!..





Пікір жазу