ЕСКЕК ЖЕЛІ ЕРЕКШЕ...
Ескек желі ерекше есіп өткен,
Əсерімен оралды, осы көктем!
Жұлдыздары жымыңдап, жылу шашып,
Кетер емес, тым ерке,
Кеші де естен!
Кетер емес, шіркіннің кеші де естен,
(Сазды үніне даусымды қосып өскем).
Жастығымның күндері елес берді,
Көз ұшында көлбеңдеп,
Көшіп өткен!..
Көктем сырын əдетім шерту көптен,
(Қозғаудың қажеті не, дертімді өпкен...)
Толқып келем арындап, өз арнамда,
Толастамас екпінін –
Көрсін деп мен!
Жалбарынып көрмедім күйсізбін деп,
Жүрегімнің түбінде үнсіз мұң көп.
Күйсіз күнім өмірде көп болғанмен,
Сенім берген жаныма,
Жырсыз күн жоқ!..
Күй деген не,
Көңілдің құстары ма,
Қонары да белгісіз, ұшқаны да.
Құстарға көп қарадым қалықтаған,
Көңілімнің айналған құштарына!
Самғау үшін берілген құсқа қанат,
Көңілімді келемін,
Құсқа балап.
Құс емеспін, пендемін тірлік кешкен,
Тірлік дейтін бір көрген
Түс пе ғажап?!.
Толқынына жүретін шомып терең,
Құс боп менің басыма
Қоныпты өлең!
Үркітіп алмау үшін сол құсымды
«Ит-құстың»
Бəрінен де қорып келем!..