28.06.2022
  105


Автор: Марфуға Айтқожина

Мен өзіңе сенбесем, сенем кімге...

Мен өзіңе сенбесем, сенем кімге,
Тамыры сенімдердің
Терең мүлде.
Сенбесем мен өзіңе, ертеңіме,
Айналар, қансыз, жансыз
Денем күлге...
Жатады қасіретімді жасырып түн,
Шығады қасиетімді
Асырып күн.
Адамдар, саған сеніп ақтарылам,
Сырымды сен ұқпаған
Ғасыр ұқсын!
Жанымды қалтыратар шуақсыз күн,
Сүреңсіз əңдерден де құлақ тұнды.
Түңілдім жандардан да көп жалтарғыш,
Кететін төңкеріліп
Сынап сынды...
Қайтер ең, сонша мені алдамасаң,
Көңіл қалды бəрінен əлдеқашан...
Жұртына тастап өлең кетер ме еді,
Жанымды жалшыдай ғып
Жалдамасам!..
Мен өзіңе сенбесем, сенем кімге,
Сенімдердің тамыры –
Терең мүлде.
Тірліктің бағыбаны сияқтымын,
Су сеуіп, мəпелейтін,
Өнер – гүлге!..





Пікір жазу