КӨҢІЛДІҢ КҮРКІРЕТІП...
Көрінген қашан да өз биігінен
Жандардың сөздеріне жиі үңілем.
Тағдыр-ай, сақадайын сайлап алып,
Талқының биігінен үйіріп ең!..
Содан ба, қолы кетпей бүйірінен,
Адасып жүрген қанша, үйірінен?!.
Тұлпар мен қастерлеген сұңқарды ерек,
Шалдырмас, қазақ үшін тұлпар керек!
Еске алып жалғыздықты жаутаңдама,
Жұртымның махаббаты жылытар, демеп.
Жүрсем де қанша таудың шалып шыңын,
Тұрады көкейімде бір тау бөлек!..
Елеңдеп, ел дегенде, жанды ішімде от,
Қол жетпес, туған жерім, қалды шың боп.
Өсірген үкідейін үлпілдетіп,
Айтатын бір өзіңе алғысым көп.
Жүзсем де жақсы күндер дариясында,
Өзіңсің, жанардағы мəңгі сурет!
Арман ба, сағыныш па, салмақты етер,
Армансыз, сағынышсыз самғап бекер.
Сағыныш салмағы ма жанға түскен,
Сананың саңлауынан саулап нөсер!..
Салмақсыз, сағынышсыз, санасыздар,
Сынаптай толқып, сырғып, аунап кетер...
Келер-ау, көк көйлегін көктем киіп,
Бұл емес, қанша ма аңсап жеткен биік!
Көңілдің күркіретіп көк аспанын,
Арман не, көк нөсердей өтсем құйып!..
Көп жылдар көлеңкеден айықпадық,
Арнасын заман-ағын, шеттеу бұрып!..