Дала меңіреу...
Дала меңіреу,
Мен дағы меңіреумін,
Көп нəрсеге толғандым, тебірендім.
Алажібін аттамай не біреудің,
Жөні бар ма, айтыңдар, еңіреудің?!.
Дала үнсіз,
Жабырқап жатыр неге,
Қорамсақтан тартпайды батыр жебе.
Қара қылды қақ жарған билер қайда,
Қайырлап тұр теңізде, ақыл-кеме!..
Күрсінді күн,
Түнеріп, тұтылғандай,
Жүрек жара,
Көрінем бүтін жандай!..
Аласұрған күй кештім құтырғандай,
Сорлы жүрек, тынар ма,
Құшып-жанбай?!.
Адамға адам барады сенім қалмай,
Уға айналды шырының сенің балдай.
Тұншығамын неліктен демімді алмай,
Түс болса екен,
Тəңір-ау,
Өңім болмай!..
Үрейленіп орнымнан түрегелдім,
Іштей налып, көп екен,
Жүдеген күн...
Бар-жоғымды біреулер ұмытқанмен,
Ал, жырларым,
Есінде жүреді елдің!
Болмаған соң көңілдің күйі бөтен,
Көп сырыңды көкейге түйін етем.
Қанша қиын болса да бұл өмірді,
Сол қалпында қабылдап,
Сүйіп өтем!..