28.06.2022
  129


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖЕЛПІНЕЙІН КӨКТЕМНІҢ ЖЕЛІМЕНЕН!

1
«Ел-жұртың аяласа, сеніп ерен,
Жатқан соң, биіктерде сенің өрең.
Жамылған көк торғынды дала ғажап,
Көктемнің желпініп қайт,
Желіменен!
Боларсыз аңсап жүрген ауыл жақты,
Дейді жұрт,
Ауылда өмір ауырлапты...
Қайыспас,
Қарт емендей,
Қарттар қанша,
Шайқалмас, соңса-дағы дауыл қатты.
Көп болды келмедіңіз, төрлет, қане,
Жатқан кез, бар ауылдың төлдеп малы.
Арқасы қозатын ел,
Ақын десе,
Жүрме екен,
Өлең-жырға шөлдеп жаны?!.» –
Деп Жібек, жайменен сөйлеп кетті,
Сезімді жұмсақ үні –
Тербеп те өтті.
Жалғасқан бұл ауылда
«Атакəсіп»,
Жатқандай, көңілді үндер –
Өрлеп көкті.
Ақша бұлт өрнек салып, аспан нұрмен,
Астасып жатқан өңір,
Асқақ жырмен.
Халықтың ару қыздар сəні емес пе,
Қашан да –
Көштің алдын бастап жүрген.
Жылы сөз,
Жылы сезім,
Жібек деген,
Орайды бір ерекше жүрекке өлең.
Ақылды, ару қыздар, мейірімді ана,
Елін де, ерлерін де жүдетпеген.
Жайылып кең əлемге даңқы кеткен,
Батырлар, бұл далада шалқып өткен.
Тұрғандай,
«Алтын адам» қарап бізге,
Осынау жақсы кезде халқын өпкен!
2
Жайғасқан етегіне Есік таудың,
Өмірден өз жолымен
Көшіпті əр күн.
Ауылдың балалары жауқазындай,
Барады ойнақ салып,
Кешіп шалғын.
Жалғасып ұрпағына «Атакəсіп»,
Күн сайын ел мерейі,
Жатады асып.
Өренге өнер берген,
Өмір берген,
Көрген жоқ,
Бабаларым, қателесіп.
Жүретін биігінде самғап қыран,
Таулар да
Тұрған сынды
Толғап бір əн!..
Тауда өскен,
Тау тұлғалы ұлдары бар,
Толғауды солар жайлы жалғастырам!
* * *
Жауап мол жолаушыға сұрай келген,
Басында болар істің –
Құдайберген.
Ол да бір қыран құсы Есік таудың,
Қырандар!
Аласа емес,
Құлайды өрден!..
Көлбеген көк жүзінде сағымдардай,
Жүретін туған елге жанын жалғай,
Жұртына көрік болып,
Көңіл бөлген,
Бар онда, арулар да
Ханымжандай!
Көңілін туған елдің күйге бөлей,
Жүргені күндіз демей,
Түнде демей!..
Бар адам Ханымжандай еңбектенсе,
Өзі де тақыр жердің гүлденердей!
Жұрты үшін арылмайтын жан алаңы,
(Бұл жандар сирек болып саналады.)
Жасаған қаршадайдан қанша еңбегін,
Тəуелсіз елім,
Елеп, бағалады!..
Арқасын тосып жүрген дауылға еркін,
Сол жандар,
Ел қорғайтын жауынгер шын.
Жырына ақындардың арқау болып,
Асырып жүрген солар,
Ауыл көркін!..
Тұрсада көлегейлеп,
Тұмардай мұң,
Барғанда ел ішіне –
Шынардаймын!
«Шырағым, туып-өскен ауылы осы –
Деді, қарт,
Атақты ақын Тұманбайдың!..»
Қарт сөзі кеткендей-ау, жүрек тербеп,
Түлеген сол ауылдан –
Түлектер көп...
Ақынды айтып жату –
Ақындарға,
Ойладым, ол да үлкен ізет қой деп!..
3
...Кезінде басқарып ең, «Достық» үйін,
Қанша жұрт,
Қуанышпен тосты бүгін.
Осынау əсері мол көрініске,
Ақын да көңілінің қосты күйін.
Аңсайтын тынбай ескен дала желін,
Арқаның жонында өскен,
Маралы едің,
Жетісу жеріне бауыр басқан қызды,
Аялап, алақанға алады елім.
Қастерлеп, Жамбыл, Ілияс, Сара жерін,
Аймалап келесің сен,
Дала-белін!
Көкшенің көлдеріне ұқсаттың ба,
Жеті өзен,
Жетісудың Алакөлін!
Қараймын көк шыңдарға мұнар бұққан,
Бұл дағы –
Сұлулыққа құмарлықтан!
Сұлу шың,
Сұлу көлдер,
Сұлу жерде,
Əсерлі, асқақтаған, туар мықты əн!..
Өрілген қарағаймен өрі де ерек,
Көк майса,
Көкшалғынды, жері бөлек!
Ақынның жүрегіне жыр орайды,
Есілген қоңыр самал,
Елі демеп!..
Айтатын көріскенде бірден атын,
Бақытты-ау!
Өз елінде жүрген ақын...
Аузыңмен ұшқан құсты тістесең де,
Сезесің, жоқтай болып бір қанатың!..
Қашанғы жасырамыз бұл шындықты,
Шындықтың кезі жетті, жырланатын...
* * *
Жайқалған Жетісудың құрағы едім,
Арқамда асқар таудай,
Тұрады елім!
Аруағын Ақан-сері аспандатып,
Жырлаған, ақын Ілияс,
Құлагерін!..
Жетісу мен Көкшеде, өсті қырда,
Тағдыры, дарын берді есті ұлға.
Ақанның Құлагерін тірілткендей,
Қайтадан, Аламан бəйге,
Қосты жырға!..
Қала алмас бірін-бірі қорғап адам,
Зобалаң заман келді, сорға ораған...
Мықтының бас көтерер бəрін жойды,
Сұм жендет,
Қолынан қаны сорғалаған...
Күйзелген күндер кешті бастан халық,
Кең дала,
Адам тұрғай,
Аспан налып...
Кетіпті, Ілиястар, «жау» атанып,
Соңында сүйікті жар,
Дастан қалып...
Қайраймын жігерімді, қамшылаймын,
Қайрамасам,
Құм болып жаншылармын.
Тағдырдың дауылы айдап алып кеткен,
Мен жалғыз түйірі едім,
Тамшылардың!..
Тұрғандай мұнар бүркеп таудың басын,
Бар еді талай-талай,
Тағдырласым!..
Тəуелсіз заман бізді серпілткенде,
Қағылған қанаттарды талдырмасын!..
Жетеді келгеніміз кешіп қайғы,
Отырмын сырмен тербеп,
Есік тауды!..
Əдеті ақындардың тауларға ұқсас,
Ерте оянып,
Жыр жазып,
Кеш ұйықтайды!
Есік тау!
Қариядай, көпті көрген,
Дəм айдап, мен де өзіңе,
Жеттім өрден...
Жатырсың бауырыңа тартып сонша,
«Жан ғой деп, шыққан нəсілі текті жерден!..»
Ұтылмай, бұл да болса ұтқан күнім,
Кеш емес, жан күйімді ұққандығың.
Сейіліп бара жатты,
Көшкен бұлттай,
Жүректің түбіндегі бұққан мұңым!..
Ризамын, заманыма, заманыма,
Жүрекке, отын берген,
Жанарыма!
Сөнбейді, ешқашан да отты жүрек,
Түспейді ол,
Тағдыр – күштің табанына!..
Өлеңнің төзгенімен азабына,
Өзгенің төзбейді ақын, мазағына.
Бұл мінез, тек кірпияз ақын емес,
Ортақ ол,
Намысшыл бар қазағыма!..
4
Қатыгез, қайырымсыз, неткен заман,
Таулар асып,
Шет жаққа кеткенде Анам...
«Əпкең ол, ақын Сара, бір ауылдан»
Деген сөз,
Талбесікте жеткен маған!..
Тоздырып нəзік жанын, арман-алаң,
Ажалдың тұзағында – қалған Анам!..
Құймадай құлағыңа құйған шерді,
Өмірге өтеді екен жалғап адам.
Замана, өтті-кетті, құйындаған,
Сағынышың, таныс қой
Күйің маған.
Жетісуды қанша арман етсең-дағы,
Туған жерден топырақ бұйырмаған,
Қара шашты жауыпты күміс қырау,
Асар-аспас кезімде-ақ жиырмадан...
Жайғасқан Ешкіөлместің бауырына,
Көш келді,
Ақын Сара ауылына!..
Ақын Сара қайтадан тірілгендей,
Ел-жұртым, баурай түсті бауырына!..
* * *
Оқжетпес биігіндей тұрған мəңгі,
Болар ма жырламасқа,
Біржандарды?!.
Саңлағы Жетісудың,
Ақын Сара,
Жанбаған бақ жұлдызың
Жырдан жанды!..
Көзіме елестетіп ғұмырды өткен,
Отырмын іштей толқып,
Күбірлеп мен...
Біржан мен ақын Сара айтысы ғой,
Жетісу мен
Арқаны дүбірлеткен!..
Заманның өтсін белес, ғасырлары,
Қалдырар қалай ұмыт,
Ақын жаны?!.
Жазыпты, «Біржан – Сара» операсын,
Ойнатып,
Отты өнердің жасындарын!
Мұқаны асқан дарын Төлебайдың,
Шегі жоқ,
Шалқып жатқан бөлек айдын!
Жақсы да,
Жамандар да өтеді екен,
Қуаныш, қасіретіне бөлеп ай-күн!..
Неліктен соларменен үндес жаным,
Бұл сырдың надан ғана білмес мінін.
Тəуелсіз күндерімнің арқасы ғой,
Құлпырып,
Келе жатыр гүлдеп маңым!..
5. ҚҰСБЕГІ
Есіліп самал есті, Есік жақтан,
Елдер бар, бұл ауылға көшіп жатқан.
Таң сəріде жетіп ек құйындатып,
Көрдік міне,
Алаулап кешін батқан!..
Асырып ауыл мəнін кемерлеген,
Көп екен бұл ауылда,
Өнерлі өрен!
Ұсталар көрігінен от бүркеді,
Мəнісі, «Атакəсіп» тереңдеген!
Баулыған шеберлікке ерте ұлдарын,
Біреулер, жатыр жасап ер-тұрманын.
Түс киіз, оюлаған текемет, сырмақ,
Деген ғой,
Келген жұрттар,
Көрсін бəрін!..
Атадан қалған осынау мол мұраның,
Түр-түрін тізіп қойған домбыраның.
Шанақтан шерткен кезде
Шаң шығарды,
Керемет қиялдарға шомды жаным!..
Ат басын бұрып менің түскен үйім,
Ауылы екен,
Айтулы құсбегінің!
Қолына қондырыпты қыран құсын,
Қас қыран,
Енетіндей түске бүгін...
Көрмеп ем, көптен бері тау қыранын,
Аңсарым, сол қыранға –
Ауды жаным.
Қыранын саңқылдатқан,
Ей, құсбегі,
Неліктен көзіңді алмай жаудырадың?!.
Өзек боп арқауына əңгіменің,
Сол сурет көз алдымда қалды менің.
Сыпырып томағасын қас қыранның,
Салдыртып бара жатқан,
Салкүреңін!..
Көңілден айықпайтын арман-ау бұл,
Арманы көп жандардан –
Жалғанар жыр!
Елестеп келе берді көз алдыма,
Сайрамның кезеңінде қалған ауыл...
* * *
Қарадым табиғатқа таңданып мен,
Ол дағы сезімталдық,
Қанға біткен...
Қасында Хантəңірдің көз ала алмай,
Сұлулық сиқырына арбалып па ең?!.
Соншама құштарлықпен қарағанмын,
Өткенін қанша уақыт санаған кім.
Тіл жетпес сұлулықтың құшағында,
Қандай құдірет,
Не күшпен дараландың!
Аралап ой мен қырын, қаншама өрін,
Шалындым,
Шалғынына, Шалкөденің!..
Арша мен шыршалары араласқан,
Шіркін-ай, бір көруді аңсап едім!..
Көк шыңдар,
Көк шалғынды құба-белің,
Құшақтап қарағайын тұрады өрің!
Баурында Хантəңірдің айлап жатып,
Бəйгеге баптады, Ілияс,
Құлагерін!..
Жұртына кең жайылған аты бүгін,
Ақиық Мұқағали,
Ақын ұлың!
Биігі Хантəңірдің қағып алып,
Жаңғыртып көк шыңдары,
Жатыр үнін...
Биікке ұмтылдырып ерен екпін,
Еліктей, əн сазына –
Елең еттім.
Түндігін Алатаудың əнмен ашып,
Нұраға!
Əн-сазына бөлеп өттің!..
Арудың əнмен өріп сүмбіл шашын,
Тербеген таулардың да сыңғыр тасын.
Əл-Фараби сағынышын толғап кеткен,
Туған ел, ұмытар ма, Нұрғисасын?!.
Армандай асыл жарлар, Дəриғалар,
Оларды елі,
Өнерді таниды олар!..
Жар болған қос дарынға,
Қос Дəриға,
Сендерде махаббат та, жалын да бар!
Көтерген еркелігін, серілігін,
Сендердей болса əйелдің бəрі бүгін –
Дүние дөңгеленіп кетер ме еді,
Халқының аялаған,
Дарын ұлын!..
Сендерге сеніп кеткен ағаларым,
Ерекше сол сезімді бағаладың.
Күйі ортақ,
Көңілі ортақ,
Мұңы да ортақ,
Дауылды толқын құшқан шағаланың!..
6
Өңірі Жетісудың өнерге бай,
Бір сөзбен бəрін айтып берем қалай.
Өнердің көшін өрден ел көрсін деп,
Тəуелсіз күндер, тынбай –
Төгеді арай!
Айналған ордасына ақындықтың,
Жетісу, ана сүтпен атыңды ұқтым.
Жастанып Баянжүрек,
Бүркіттіні,
Жыр сұңқары,
Ғалидай, жатыр мықтым!
Ержете бастағанда-ақ, есім кіріп,
Сырларын туған жердің есілдіріп,
Ата-анам, Ғали жайлы талай айтқан,
Аңсаудың көл-дариясын кешіп жүріп...
«…Қарағым, Жетісуға сен жетерсің,
Жетпесең, аңсау артып,
Шөлде өтерсің...
Құс болып туған елге жетер болсаң,
Қанатын арманыңның жел көтерсін,
Жан балам, сапарыңды тездетерсің!..»
Анашым, осыны айтып көзін жұмды,
Кім білсін, жете алмасын сезіп жүрді...
Анамның өсиетіне шек келтірмей,
Келемін аңсауы мол, төгіп жырды.
Бұл сырды біреу ұғар, біреу ұқпас,
Болса егер, айып етпе,
Сөзім мұңды...
Жүрегі тұнған сырға, толған ойға,
Ақындар, туған жерін толғамай ма?!.
Əкем – Ғали!
Өмірі армандаған,
Қауышты, Ақсуы мен Ордабайға!..
Көрді ол, тірісінде Мұзбұлағын,
Тыңдады тебірене құздың əнін.
Күреңбел, Баласазбен,
Зəуре өзені,
Сырына көне жұрттың тұнды жаным!
Кешегі атам жүрген,
Анам жүрген,
Басылды көзіме оттай, далам бірден!
Жеткен соң, атажұрттың құшағына,
Қоштастым, енді мен де алаң күнмен...
* * *
Қараймын, Жетісуым, шыңдарыңа,
Қарасам,
Дарымастай, мұң жаныма.
Баулыған ұл-қыздарын хас өнерге,
Жетісу!
Сұлулықтың құндағы ма?!.
Биязы табиғаты, жаны жалын,
Талантын барлық əлем,
Таныған ұл!..
Сарқанның тауларынан қанат қаққан,
Кім білмес, Кəкімжан мен
Əнуарын?!.
Аты аңыз, асыл-ару, Сара шыққан,
Аруға шырқағанда
Жарасыпты əн.
Жұмаш пен Ханшайымдар жолын қуды,
Жүрегін шерлі арудың тамаша ұққан.
Арайлы ақ жүзіне таласып таң,
Таулар да көк тіреген –
Қарасып сан,
Саңлағы кең даланың,
Ақын-сазгер,
Қатардан қара үзіп, дара шыққан!
Даңққа келе жатқан бөлеп ай-күн,
Жаныңды тербемей ме, бөлек ойлы үн.
Орыны ерек тұрған,
Еркеғали!
Өнерге өзіңіздей, керек айдын!
Айналып өнердің шын бапкеріне,
Өмірдің қақты қанат нақ төріне.
Қанша жыл, мін тақтырмас,
Министр боп,
Жексенбек Еркінбеков,
Жақты еліне!
Туған ел, қала алмассың, сырымды өппей,
Қарады заман дұрыс,
Қырын кетпей...
Ғылымға үлес қосқан ұлдарың бар,
Академик – Еділ мен
Жұрынбектей!
Самалмен тербетіліп жасыл құрақ,
Мұзбұлақтан, Зəуре өзен жатыр құлап!
Сенатор – Жекен Қали,
Нұртөлеулер,
Түлегі Бүркіттінің Асылмұрат!
Шығыстан соққан желдің шетінде кіл,
Шын байлап белін ойлы бекімге бір –
Арасын елмен елдің қабыстырып,
Қуаныш,
Елші болып,
Пекинде жүр!
Замана жетістікке куə бүгін,
Жанғаны сол емес пе, шырағыңның.
Жеткізді дегеніңе,
Кемел аға!
Қасқарған,
Қасымжомарт,
Қырағы ұлың!..
7
Тебірен сен де бүгін, тула сезім,
Кетпесін есең енді жылға сенің!
Сахнаға «Жас Абайды» алып келген,
Өнердің Бикен апа,
Тұлғасы едің!
Тарихтан ешқашан да өшпейді үні
Жас ұрпақ, шығармаңдар, естен бұны.
Түркісіб жолын салған Мұхаметжан,
Тынышбайдың, ұмтылмас, Ескендірі!..
Шықса да сеңгіріне сексен бестің,
Алдында келе жатқан көшкен көштің.
Тəңірберген қария,
Тірі шежіре,
Айта алмас,
Ол кісідей өткенді ешкім!
Ешқашан мұң шалдырмай нұр-жанарын,
Бөлеген күйге жанын, жырға жанын.
Келеді үлгі болып аруларға,
Басқарған қаншама істі,
Бижамалым...
Күндерде ақ нөсерін өткен құйып,
Гүл ашып көкірегінде көктемгі үміт:
Алыстан мен мұндалап тұрған жоқ па,
Еңбек Ері, Зылиқа жеткен биік!
Мінезбен қайырымды, қайсар, берік,
Жұрт өзі мақтамай-ақ,
Айтар көріп.
Хатшы да, Министр боп көрген талай,
Өнерге Ғайнекең жүр, қамқор болып!..
Жерұйық, сені өсірген дала барда,
Толқындар сол далада,
Талай арна.
Соғыстың қасіретін тұр ғой шертіп,
«Жұпар иіс жусан» мен «Жабайы алма!..»
Қолға алып қаршадайдан қайың құрық,
Қоңырда жол бар өткен,
Сайын жүріп.
Жарасып парасатты,
Пайымдылық,
Келеді, Жетісудың жайын біліп.
Жалғасып отты жырлар, серілікпен,
Алаштың биігінен –
Көрініп сен!
Сəкені Иманастың тұрған жоқ па,
Алакөл толқынымен өріліп кең!
Өлеңі, үнімен де ұнасатын,
Жүрегі жыр дегенде гүл ашатын –
Жандары «Жанатта» бір жүрген болар,
Арынды Əділбек пен,
Құдаш ақын...
Əкелген ару қыз бен көрнекті ұлды,
Жетісу жанын əнмен тербеп тұрды.
Ел жайлы, дəуір жайлы –
Жаудырып жүр,
Қастек пен Оразақын сергек жырды!
Көсілген кең жазықтың көк тұлпары,
Жазады ғасыр сырын,
Жетісу сəнін.
Тарихын батыр баба сомдап жүрген,
Бар қазақ қастерлеген,
Бексұлтанын!
Ойында тең жататын салмақ-сезім,
Көрсеткен «Жансебілмен» –
Жан-жақты өзін...
Жас «Тарланы» қазақ əдебиетінің,
Жете бер,
Жеңістерге, Қорғасбегім!
Түсінген үлкен-кіші ақын жанын,
Өрнектеп «Жетісуда» асылдарын.
Заманның қас-қабағын шын түсінген,
Қаламы жүйрік журналист,
Жақыпжаның!
* * *
Шығыстан есіп келген əн ескегін,
Биіктен көрсетіп тұр,
Дəнеш те өзін.
Тербеген екі елдің де əн бесігін,
Сенбейтін əн-жұлдызы емес пе едің?!.
Өнерде орның бөлек соншалықты,
Таулар да
Тамаша əнге тамсаныпты.
Қолына алып қара домбырасын,
Ішінде тас қорғандар əн салып тұр!..
Дауысы сілкіндіріп өтті шыңды,
Əсеттей үзілдіріп, өпті сырды.
Өзіңді,
Өнеріңді сүйген халқың,
Тойлады дүрілдетіп жетпісіңді!..
Ажалға қимас, əттең, жайсаң ерім,
Досың да Құрманбайдай, айтады елің!
«Аңшының» асқақ əні,
«Сарыбидай»,
Жұртыңды сағынтып жүр,
«Марқакөлің!..»
Аспанда қалықтаса асқақ үнің,
Атыңды жазды жұртың, тасқа бүгін...
Келеді əндеріңді жалғастырып,
Өзіңе еліктеген басқа да інің!
Өмірдің өтіп кеткен белестері,
Көзіме бүгінгідей елестеді...
Нұрғали, Қажыбектей əншілерің
Дəкеңнің жалғастары емес пе еді?!.
Жүрегі əн дегенде ұшып-жанып,
Өмірді əндей сүйген құшырланып.
Қажыбек!
Жетісудың жезтаңдайы,
Жезтаңдайы,
Нұрғали Нүсіпжанов!
Тұрғандай тебіреніп, ойлап дала,
Сырына бұл даланың бойлап қара!
Даусынан кең даланың самалы ескен,
Жетісу сандуғашы,
Зейнеп, Сара!
Жарасқан салтанаты, жанға сəні,
Өнерге – өнерлі жан жалғасады.
Театр мен ортаның көркі емес пе,
Халқымның əнші, сазгер,
Алмаханы.
Қанатын қанша биік жайса жылдар,
Өнерге келді арулар,
Жайсаң ұлдар.
«Ақтоқты» рөлін ойнап сахнада,
Ұлы Ғабит мақтаған,
Райханым бар.
Қыздарға жарасады көріктілік,
Қалайша, оны айтпаймыз,
Көріп тұрып.
Өмірдің, сахнаның да
Ақтоқтысы,
Келеді көрерменін еліктіріп!
Жанының өнерге арнап жылу-нұрын,
Оңай ма, ел көркі боп жүру бүгін?!.
Даланың үлбіреген қызыл гүлін,
Райхандай, сүйеді елім,
Сұлу қызын!..
* * *
Өнердің азабына жастай бекіп,
Қызығын, қиынын да бастан кешіп.
Аруы – Ақжайықтың, Қыз Жібекке,
Ғашық болған,
«Төлеген» – Тастанбеков.
Жатса да ғашықтарын тосып далам,
Ғасырлар сарғаюмен кешіпті алаң.
Қайтадан жандырғансың «Қыз Жібекте»,
Арманын ғашықтардың өшіп қалған...
Арылмай Қыз Жібегі, ел есінен,
Мерт болдың,
Бекежанның жебесінен.
Аспанда əуелеген «Алты қазға»,
Қосылып саған мұңын төгетін ел!..
Жырлаудан ғашықтарды тынбас үнім,
Жұртына толғай жүріп, шыңға сырын...
Кинода, өмірде де аялап жүр,
Құманым,
Меруерттей шын ғашығын!
Аспанда өтсе де бұлт торлап талай,
Өнерді өшірмеген, саңлақтар-ай!
Түлегі Тастанбектің, актер Құман,
Көгімнен көріне бер,
Самғап солай!
* * *
Күн сайын қадам жасап батыл-берік,
Ғасырым, өнерге жол жатыр беріп.
Жай емес, құйындатқан –
Күй перісі,
Бақберген мен айтулы
Рахым – сері!
Басыңнан алуан түрлі дəурен өтсін,
Жетелеп биіктерге арман – екпін.
Абылай ханды сахнаға алып келіп,
Арманы орындалды,
Сəулебектің!
Арманның себелеген ақ таңында,
Ойнатып «Мың баланы» ат жалында.
Ұлттық сарай,
Рухтың мерекесі,
Шешімін шеберліктің таппадың ба?!.
Сен солай,
Ана сүтін ақтадың да...
Жанына арқау еткен қанағатын,
Режиссер, əрі сазгер жамағатың!
Халқының өнері деп, отқа түсіп,
Шақпақтай шағып жүрген жанар отын.
Жанының шабытты бір шақтарында,
Толқын күй, көкіректен ақтаруда.
«Алматының вальсі» жүлделі боп,
Серпіліс болды ғажап, жастарыма!..
Соңында «Жезкиіктің» шұбап шаңдар,
Тербеліп сазды əуенге құрақ-талдар.
Əн арнап Жаңа ғасыр,
Абылай ханға,
Келеді бəйге алдында –
Мұратхандар!
Отырмын барыңды айтып əсерлемей,
Əрі сазгер, əрі əнші –
Əсем көмей...
Ақсудың өзеніндей арыныңмен,
Тарта бер биіктерге,
Бəсеңдемей!..
8
Сеңгір таулар!
Аспанмен үндесіп кіл,
Басынан небір ғажап,
Күй кешіп тұр!
Тəкаппар, соншалықты сұлулықтың,
Тауларым, құпиясын бізге де ұқтыр!..
Бөктерген ғасырларды қанжығаға,
Жайдан-жай,
Жартастарың, жаңғыра ма?!.
Шыңдарың, өркештеніп аспан бойлап,
Тұрасың, қаз-қалпында,
Сəнді, жаңа!
Өзгеше өзендерің арынды аққан,
Жартастар жаңғырады,
Дабыл қақсаң!
Дарынды ұл-қыздарың қанша сенің,
Тəуелсіз күндерімнің,
Таңында атқан!..
Қаншама жаңаланып жатса да ай-күн,
Ойымнан, Талдықорған
Тастамаймын.
Өнердің қайнар көзі –
Өзіңсің ғой,
Балқаш пен дариясындай,
Қапшағайдың!..
* * *
Толғанып қашаннан тұрған дала,
Апарар бізді соған бір жол ғана.
Тентектің жағасынан алыс қарап,
Ел қамын ойланып тұр,
Нұрмолда Аға!..
Өмірге жүрмейді екен тіпті де өкпе,
Кезінде атыңыз шырқап,
Шықты көкке!..
Жырласа, нар жазушы –
Сəбит Мұқан,
«Нартұлға» – деп жазыпты,
Құттыбек те.





Пікір жазу