28.06.2022
  100


Автор: Марфуға Айтқожина

БЕНАЗИР БХУТТАМЕН КЕЗДЕСКЕНДЕ

1
Қазақтың келдім байтақ даласынан,
Ұғысқан жүректер мен жарасып əн.
Қыз да өскен сол далада,
Қыран да ұшқан,
Келісіп кеңдігіне тамаша ұлан!
Жан ғой деп, жөні бөлек, шалғайдағы,
Жүректің саған деген самғайды əні.
Беназир!
Бүкіл Шығыс мақтанышы,
Жұлдызы ол,
Жанып тұрған маңдайдағы!
Өсіпсің ұялатып өр үмітті,
Өзіңді қорғаным деп
Елің ұқты.
Ару боп жаралсаң да нəзік жанды,
Жігіттің жігерлігі беріліпті!
Жігіттің жігерлігі беріліпті,
Мінезің, көркіңнен ол көрініп тұр.
Төгілген қара кірпік,
Қарақат көз,
Ханзада Анаң сенің тегі мықты.
Тамашалап, орманның сыршыл бағын,
Шығыс пенен Батыстан сусындадың.
Қанып іштің бұлақтан, дариядан,
Өмірдің содан біліп жүрсің мəнін.
Сүйікті жар,
Сүйкімді анасың да,
Жаныңа хас сұлулық жарасуда!
Əлемге аты мəлім Беназирді,
Бір елдің қызы деуге нанасың ба?!.
Қаласың сен бар халық санасында!
2
Мен тұрдым, биік мінбе тұғырында,
Мұндай толқып көрмегем ғұмырымда.
Оқысам да өлеңді өз тілімде,
Жүректер, бəрін үнсіз ұғынуда.
Сусылдап түсе берді жібек шəлің,
Сүрткендей жүзіңді емес, жүрек шаңын.
Үнсіз қарап отырдың көзіңді алмай,
Қалдың ба екен,
Өмірдің тілеп бағын!..
Жер шарынан жиналған қанша халық,
Кеттім бе екен, содан да арқаланып.
Өз орныма барғанда өлең оқып,
Қошеметпен қоршады,
Ортаға алып...
Қалдым сезбей,
Жанарға жас келгенін,
Жерге табан тигізбей қастерледің.
Салтанатты сол жиын,
Сол кездесу,
Кетерме екен есімнен
Кештер менің?!.
Кеуде керіп көрмеппін ақынмын деп,
Кетті ме екен сол күндер,
Отымды үрлеп.
Беназирдің еліне арналған жыр,
Исламабад жерінде –
Жатыр гүлдеп!..
3
Құлпырып жатқан кезде көктем күні,
Келіп ең, Алматыға өткен жылы.
Өзіңмен Елбасшысы сұхбат құрған,
Күннің де ерекше еді,
Төккен нұры!..
Болыпты ару үшін – ақыл бақыт,
Жатқандай, ақылды – ақыл
Жақындатып.
Президент пен Беназир кездесуін,
Ерекше оқиға деп, жатыр уақыт.
Жақсылық, жаңалыққа жалғасып жол,
Күндерім толқындайды,
Арнасы мол!
Тұрғанда биік таулар тіл қатысып,
Ақыным, жырланбастан қалмасын ол!
Сен де аңсап Алматыға жеткендейсің,
Сезіммен тебіреніп кеткендей шың.
Арусың,
Азаматсың,
Ел басқарған,
Бір ғана Пакстанмен шектелмейтін!
Беназир деген биік атыңды ұқтым,
Пакстан –
Пактік, деген жатыр мықты үн.
Аз емес қазағымда есті қыздар,
Бесігі – Қазақ елі
Батырлықтың!..
Тасқының сыймайтындай жыр легіне,
Тағдырың таңғаларлық,
Күрделі де!..
Көтерсе Үрду елі аспанына,
Елің үшін көрдің тас түрмені де...
Абайдай ақыны бар дара туған,
Барып ем қазақтың кең даласынан.
Кел, бауырым,
Қысайыншы құшағыма,
Жазбасын тағдыр бізді,
Жарасудан!
Төгіліп жыр моншақтар қанатымнан,
Кенде емен,
Жұртты аузыма қаратудан!
Арқаның құралайы сияқтанып,
Мен де Абай топырағынан жаратылғам!
Қағылса құс қанаты сусылдаған,
Сəкен, Қасым жырынан –
Сусындағам!
Сара сында саңлақ бар сахарамда,
Мейлі маған сұқтанып тұрсын ғалам!
Айтсамда тауса алмайтын таңға сырын,
Солардың жолын қуған,
Жалғасымын.
Тəуелсіз күнім барда күліп шыққан,
Достық, жайлы жырласам, талмас үнім!..





Пікір жазу