28.06.2022
  98


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАНДАЙ ТҰНЫҚ

Жатқанда құс қиқулап, енді қонып,
Көктемге бір ерекше белгі болып –
Сабылған сайгүліктер даласында,
Аралап келдім, ғажап,
Елді көріп.
Отырған жалғыз үймен жапандағы,
Десеңші, қандай берік шопан жаны.
Жүреді Айыртаулар арасында,
Жанына серік болған
От арманы...
Қонақ келсе күтеді жаны қалмай,
Құздарды қоңыраулатқан –
Əні балдай.
Қоңыр үн құлағымнан кетер емес,
Сол əнге жүргендеймін əлі қанбай.
Тау-тасын қыран кезген араладым,
Күмбірлі,
Қандай тұнық даладағы үн.
Күнұзақ жүрсе-дағы ат жалында,
Баулиды мықтылыққа балаларын.
Сол үйге бір кісідей бас құралған,
Сол үйден –
Ағындайды, тасқын арман.
Ұшпа шың, жартастардың арасында,
Серігі – маңтөбеті қасқыр алған.
Əкеден алған тағлым, малға бейім,
Таулардың асып қанша талмабелін –
Қос ұлы да əкенің қолғанаты,
Қарағым,
Қатарыңнан қалма кейін..
Түрленіп тұрады екен тас та гүлмен,
Сен жүрсің тау жаңғыртып асқақ үнмен.
Бəйгенің алдын бермей келеді ол да,
Алысқан ауыздықпен қасқа жирен.
Бөлесе өр даңқына асыл аймақ,
Келесің,
Өз құрбыңнан асып ойлап.
Ол да бір тау ұлының қасиеті,
Тұрады жанарынан –
Жасын ойнап!
Сөнбесін жанардағы жасындарың,
Өшпесін бойға біткен асыл дарын.
Шексең де бүгін жапа жалғыздықтан,
Ертең-ақ,
Сүйеу болар, жас ұлдарың!
Баулыған батылдыққа əкенің көп,
Өсірген ұлы едің сен,
Дəкенім деп...
Сертіне берік сендей ер тұрғанда,
Қаупім де,
Ешнəрседен қатерім жоқ!





Пікір жазу