АРМАН – ƏЛЕМ!..
Көрінген қарапайым жайшылықта,
Бұл өмір,
Толы екен ғой, қайшылыққа...
Келемін əлі күнге ажыратпай,
Қадірім асқандығын –
Қайсы жұртқа?!.
Біреуі – кіндік қаным тамған жерім,
Біреуі – Атамекен, самғау белім!
Атанып Атажұртта,
Аққу – ақын,
Жастығым туған жерде қалды-ау менің!..
Өтті күн біреуінде еркелікпен,
Жыр жаздым, біреуінде –
Өртеніп мен...
Кіндік қан тамған жерге ұшар едім,
Сүйінші сұрап күндер,
Келсе, күткен!..
Тартыппын біреуінде ат жалынан,
Талқының киік қуып шатқалынан.
Жастанып Алматының –
Жасыл бағын,
Секілді Сарқырама, ақтарылам!
Жыр қайнар, сусындатқан мөлдірінен,
Жасырман,
Аңсап жүрем, елді кілең!..
Жастығым өткен жерді еске салып,
Күз күні бізге таяу келді білем!..
Есейдік деуге көңіл бармағанмен,
Ұлғайып бара жатыр,
Арман – əлем!..
Тырналар, əуелеген, сəлем айтшы,
Сұраған ел жақтағы,
Жанға менен!..
Байқасам біреуінен асқан мейірім,
Ел танып, біреуінде –
Тасқан көңілім!
Жүректі қақ жарылған кім бүтіндер,
Келемін арасында аспан-жердің!..