«АҒАЛАР»
Алды-артымда тұрса егер ағам толып,
Болар еді менің де бағам толық.
Күншілдіктің ызғары қиын екен,
Жаз күнінде қалтырап, қалам тоңып.
Нəзік едім таңдағы раушан гүлдей,
Бағбансыз, күтілмей барам солып...
Сөзден көңіл қалса да аса салқын,
Ұмытар ма есті адам,
Ата салтын?!.
Салтын сақтап келемін Аталардың,
Салтыңменен мəңгілік,
Жаса, халқым!
Буырқанған жастықтың арындары,
Ұмыттырар қайғының бəрін-дағы.
Ұмытпайды бұл адам ешқашан да,
Тектілікті жалғасқан қанындағы...
Біреулер жүр бетке ұстап «Ағаларын»,
Сүйеу болсын, жаратқан,
Маған арым!..
Болмаса да алдымда толған ағам,
Мені жұртым білемін бағаларын.
Кем емес еді ешкімнен менің де ағам,
(Аруақтанып жүреді елінде адам!..)
Жер-суымды,
Ақиық Ағаларды,
Бұл тағдырға не шара,
Бөліп алған...
«Ағаларсыз» баспай жүр ісім өрге,
Ағасы көп пенделер,
Түсінер ме?!.
Жанға қаяу түсінсе,
Түсірер ме,
Қамқорлығын ағаның көрмесем де,
Қамқор болып келемін, кішілерге!..