27.06.2022
123
ШАЙҚАЛАРДАЙ!
Сағынышпен ел жаққа көп қараған,
Біреуі мен, өмірге өкпелі адам.
Өксігімді басайын өзектегі,
Күндерімді ұмытып, кек санаған.
Жетіп жатыр жүрекке, халқым үнің,
Жыр жазумен өтіпті,
Жарты ғұмыр...
Тебіреністі күнімді қарсы алғандай,
Қолын бұлғап қиырдан –
Талқы бүгін!
Қайран Талқы!
Əн болған биіктігің,
Кешегідей тұр ма екен,
Күліп күнің?!.
Жаныма да, жырыма сыйлапсың сен,
Сайрамкөлдің ерекше тұнықтығын.
Айтып келем, кей кезде айта да алмай,
Борышыңды жүрмін бе,
Қайтара алмай?!.
Даусым қатты шықса да шошынамын,
Сайрамкөлдің тұнығы,
Шайқалардай!..
Көкірекке ұялап сансыз үміт,
Жүрген қанша, намысын қамшы ғылып.
Туған жер-ай!
Бір сендік сағыныш қой,
Қойған мені ақын ғып,
Əнші ғылып!..