ШАҒЫЛСЫН АЙҒА БОСАҒАҢ
Көл емес, шалшық, көл десем,
Сор ма екен біткен маңдайға.
Мейірің ғой шөлдесем,
Татымас басқа таңдайға,
Қалдың-ау, жұртым шалғайда!..
Аспаным бүгін алаулы,
Қарауға жанар жасқанар.
Белдеуде жүйрік жараулы,
Шалмалар, құрық тасталар,
Озып та келер басқалар!..
Күш қайда қарсы тасқынға,
Мен емес тағдыр, ұршығың.
Атажұрт, енді жатсынба,
Айтылған бұл да сыр-шыным,
Жетеді маған бір шыңың!..
Жеңіп бір шықсаң сен батыр,
Түскен бір шақта бақ сынға.
Тілеулес болып ел жатыр,
Алты қырдың астында!..
Жатсынба мені, жатсынба...
Асқынба дертім, асқынба,
Айналсын жырлар, тасқынға!
Бір бақытым кем болар,
Ағаруы шаштың да.
Жібитін кезі жетті ғой,
Безерген қара тастың да!..
Сəтімен туған ай болғай,
Көкірек шерден босаған.
Қалармын қалай толғанбай,
Егіз ел, жатқан қос – Анам!
Жамандық шықпай тасадан,
Шағылсын айға босағам,
Шағылсын күнге босағаң!..