ЖЫРМЕН ЖЕЛПІП...
Қабаққа қасіреттен қырау қатып,
Ұшырдың тырналарды тыраулатып.
Үнімен əуелеген тырналардың,
Тастадың аруақты да бір аунатып!..
Көрген жоқ аласарып өр арманың,
Келесің толқынында мол арнаның.
Алысқа ауып кеткен қазағыңның,
Тіледің,
Атажұртқа оралғанын.
Келесің дамылдатпай жыр шеруін,
Лаулатып сезім отын тұр көрігің.
Алаштың атын тартқан,
Ақынсың ғой,
Бəріне ойың ортақ,
Түркі елінің!
Жиылған емес жайған жыр құлашың,
Таудай іс, үнсіз жүріп тындырасың.
Алпыстың асуына, келдің, Нүкеш!
Жанардың жырмен желпіп,
Мұңды жасын...
Тағдырың талай қиын салды сынға,
Дегендей, майыссаң да
Мəңгі сынба.
Жамылып Алматының қою түнін,
Қарайсың алыстағы –
Қарлы шыңға!..
Көңіліңде сыр мен мұң қоюласып,
Айтасың туған елге,
Ойыңды ашық.
Атажұрт, кіндік кескен туған жермен,
Тау-тасы жатқан жоқ па, қойындасып?!.
Тағдырдың көре жүріп керсоқпағын,
Жаныңның жандырғансың,
Жыр шоқтарын.
Келіпсің дүниеге аппақ ұлпа,
Қарымен араласып,
Желтоқсанның!..
Қабаққа қасіреттен қырау қатып,
Ұшырдың көк тырнаны –
Тыраулатып!..
Үнімен тырналардың əуелеген,
Тастадың,
Аруақты да бір аунатып!..