Ерте оралам, кейде үйге кештеу келем...
Ерте оралам, кейде үйге кештеу келем,
Мүмкін бе, ақын сезім кешпеу деген?!.
Бəрін де сен соңынан түсінерсің,
Өмірден біржолата көшкенде мен...
Арқауын үзіп алмай нəзік жырдың,
Өлеңді өз бабында жазып жүрмін.
Асау ем, салдырмаған құрық-шалма,
Тағдыр-ай,
Енді еркіңе бағындырдың!..
Айта алман, өтті ме деп текке өмірім,
Үзілмей жүректерге,
Жеткен үнім.
Жаңбырдай жауып өткен көз жасынан,
Басылып бара жатыр,
От – көңілім!..
Сияқты ем, суынбайтын сезімге бай,
Сол албырт, өте шықты кезім қалай?!.
Кетіпті ауырлатып қорғасыннан,
Шыңдаған қанша жылдар,
Төзімдер-ай!..
Төзбепті, мен төзгенмен бұрым бұған,
Күмістей ағарыпты,
Бұрынғыдан...
Келеді бəрін де өлең желдей жайып,
Сезбесін десем-дағы,
Сырымды жан.
Егесіп жаздым өлең, шаршағанда,
Араша тілемедім, қарша жанға.
Маңдайдан сипамады тағдыр мені,
Болмады қаққан адам,
Арқадан да...
Кейде үйге ерте оралам, кештеу келем,
Мүмкін бе, ақын сезім кешпеу деген.
Аяулым, сен соңынан ұғынарсың,
Өмірден мен көшермін,
Өшпейді өлең!..