АППАҚ ҚАЙЫҢ
Сияқтанып ырғалған аппақ қайың,
Ағамызды келесіз баптап дəйім.
Жанар оты жарқылдап жүрер содан,
Түн ішінде шағылған,
Шақпақтайын!
Түн ішінде шағылған шақпақтайын,
Жыл озса да, көңілде сақтап бəрін.
Құдіретті музыка ырғағымен,
Тербетіліп тұрады,
Аппақ қайың!
Сырлы сазбен тербелген аппақ қайың,
Жаттап бəрін келеді,
Сақтап нəрін.
Сол кешегі періште махаббатты,
Кір шалдырып, ешқашан таптатпадың.
Кісілік те, Сіздегі бөлек сезім,
Ерке ағаға,
Көп екен, керек кезің!..
Ақ бурадай бұрқанып күй төккенде,
Жас баладай аялап, өбектедің.
Жаңылмай-ақ келесіз, сол сарыннан,
Қуанышы, қызығы мол шағыңнан.
Ескірмейтін ешқашан,
Жоғалмайтын,
Жүрегіңді жалғайтын жол салынған...
Сол сырлы жол – пəктікті сақтап мүлде,
Сіз ұқсап отырасыз,
Аппақ гүлге!
Кларадай болсын деп бар жеңешем,
Сыртыңыздан жүремін мақтап күнде!
Төрт қыбылаң сай болып, тегістеніп,
Өзіңізбен жатқандай,
Өріс кеңіп.
Ерке ағаны көтерген биіктерге,
Сіздегі мол қасиет – періштелік!