27.06.2022
  111


Автор: Марфуға Айтқожина

АЙБАТ БЕРІП ТҰРАСЫҢ АЛМАТЫМА

(Республика алаңындағы ескерткіш)
Желінен Желтоқсанның дауылдатқан,
Айырылдың қанша боздақ,
Бауырластан.
Қайыспас,
Қайрат сынды батырларды,
Желі ғой, Желтоқсанның,
Жалындатқан!..
Айықпай сол қайғыдан жүрек бүгін,
Шығады Алатаудан жүдеп күнім.
Қаракөз, арулары-ай,
Қазағымның,
Шашылған қар үстінде –
Жібек бұрым...
Көңілден айығар ма, желдеткен күн,
Айтыңдар,
Айығар ма,
Елді өпкен мұң.
Тəуелсіздік жеңісі –
Сол боздақтар,
Ықпаған сойылынан жендеттердің!..
Есінен кетпес қарттың, баланың да,
Дегендей, ей, жарандар,
Қара мұнда!..
Келбеті айбат шегіп тұрған жоқ па,
Батырым,
Республика –
Алаңында!.





Пікір жазу