27.06.2022
  88


Автор: Марфуға Айтқожина

БИЯНГУМЕН ҚОШТАСАРДА

Кездірмейді қиырсыз қиял кімді,
Қиял сынды кеудемде бір əн жүрді...
Түсім емес,
Өңімде қайта құштым,
Тəңіртауды жастанған –
Биянгуді.
1
Жүйріктерді қайырған құрық салып,
Бара жатты алыста –
Жігіт қалып...
Кимастығым қинайды, амалым не,
Қайырыла қарай берем, жүріп барып.
Оралған өз түлегін тани ма шың,
Өртеген өзектегі жалын басым.
Қасен тұр,
Биянгуді əнге бөлеп,
Сол əнмен ғашық еткен Жəмиласын...
Құлындай шырқыраған қиял-сезім,
Жүректің жеткізе гөр, ұяң сөзін.
Сарқырама құйылды –
Құз басынан,
Қалайша,
Қоштасуға қияр көзің?!.
Қоймады кірпігімді жасқа малмай,
Бар сезімді –
Жалғыз сəт басқарардай!..
Сүңгимін сұлулықтың сырларына,
Сиқырлап біреу мені тастағандай!
...Сан елес көрінгендей бұла күннен,
Тия алмай өксігімді жыладым мен...
Елеңдеп Хантəңірі,
Ерте тұрды,
Жаңғырып құздарының құлағы үннен.
Күн де еңкейді, бұлттарға жүзіп барып,
Нəзік сəуле сығалап,
Үміт талып...
Түс көріп оянғандай мен де аттандым,
Туған жер,
Артта сүйген жігіт қалып...
Құлақта үні кетті «қиқулаған»,
Бар бақытты қалайша қисын маған...
«Тəңіртаудың туып ең, шығысында,
Батысында жүрсің...» – деп,
Күрсінді Анам...
Солай деп бұлғағандай шешем қолды,
Тауларға бүгін мұнар кешеу қонды.
Ананың қарғысынан қатты қорқам,
«Қайда жүрсең,
Аман жүр», – десең болды!..
Тірі жүрсең, Жан – Анам, артық па еді,
Бітпейтін қасірет бұл,
Айтып тегі...
Сен жатқан туған жердің топырағы,
Бара жатқан секілді,
Тартып мені...





Пікір жазу