ЖІБЕК ТҰРДЫ
Сұлулығын асырып одан əрі,
Тəңір шыңы ақ бұлтқа оранады.
Табиғатын Шыңжаңның тамашалап,
Жібек тұрды,
Желбіреп орамалы!
Сан қаланы аралап, даланы да,
Ой тұнады,
Мөп-мөлдір жанарына.
Бауырластар сезімі толқытты ма,
Жүзін тосты,
Сайрамның самалына!
Толқып жатыр Сайрамкөл, шомып нұрға,
Тауға көшті шопандар,
Қонып қырға.
Дүниенің бəрі де дəл осындай,
Сиқырына сұлулық толып тұр ма?!.
Көп күндерім өтсе де күйсіз менің,
Көрмедім бұл даланың гүлсіз жерін.
Сарқырама,
Сапырып бар сезімін,
Жасырмады тау да үнсіз күрсінгенін...
Артқа тастап қанша ма дала, белді,
Келгені анық осынау –
Қалап елді.
Биік жондар Жібекке бақыт тілеп,
Бəрі-бəрі алыстап қала берді!..
Сенбесімді білмеймін, сенерімді,
Ой-толқындар тербейді,
Кемерімді...
Қош бол, қайран мекенім, туып-өскен,
Кім білсін енді қашан келерімді!..