БАЛА ДОСЫМ
Сұлу өлке, біз өскен қала босын,
Көңілімнен айықпай қалады осы үн!
Дариясындай Іленің шалқисың ғой,
Сырлас, мұңлас,
Тағдырлас,
Бала досым!..
Алпыс деген немене, азаматқа,
Алпысты ойлап, көңілді мазалатпа.
Сүйенішің жаныңа өлең-жырлар,
Ақын деген иесің,
Ғажап атқа!
Еркесі ғой елінің, ақын деген,
Батылды өлең, жаздың сен,
Ақылды өлең!..
Табиғаттың ол-дағы тартқан сыйы,
Терең бойлап жырларың, жатыр неден?!.
Себептер көп жүретін толғандырып,
Берді тағдыр, сырларын –
Молдау құйып.
Ақындыққа ұштасты Азаматтық,
Қара өлеңін қазақтың,
Томдап жиып!..
Сүйте тұра, күй кештің қарапайым,
«Қара өлең» ғой,
Асырған дала сəнін.
Мен де өзіңді өкшелеп келем, міне,
Алпысыңа қалайша, таласайын.
Бала досым, жыр жазып жарасайын!
Өткерсең де не қиын, бастан жорық,
Берді жанға, жырларың, асқан көрік!
Алға тартқан қазақтың жыр көшінде
Қаласың,
Оразақын Асқар болып!