27.06.2022
  133


Автор: Марфуға Айтқожина

МАРИЯМ АПА!

Бірінші жыр
Күндер өтіп басыңнан алапатты,
Нəзік жанға айықпас жара сапты.
Азаптың бəрін-дағы жеңіп едің,
Атаң текті,
Болған соң парасатты!..
Шуақ шашып маңына тектілігің,
Көкірекке көктемнің екті гүлін.
Жалын тартқан шындықтың,
Ақын Апа!
Жүректерге аңсаған жетті жырың!
Қасіретің көп болса да, шерің бүккен,
Өмір кештің қанша арман,
Өр үмітпен!
Ақынға тəн айбынды мінезіңмен,
Тұрушы едің биіктен көрініп сен!
Қолдан бермей тізгінін кісіліктің,
Балаға да бала боп кішіріпсің.
Ақынды ұғу – ақынға бір ғанибет,
Еркелетсең,
Сізді мен түсініппін.
Демеуші едің, біреуге жағынамын,
Балта шапты, ақыным,
Бағыңа кім?!.
Кемел мінез,
Кең пейіл,
Ақын Мариям!
Өзіңізді іздеймін, сағынамын!..
Екінші жыр
Көңілің отырушы ең, көлдей болып,
Жағаңа төнетінмін,
Шөлдей келіп.
Жүруші ем, арқаланып Анам сынды,
Бір тұтас,
Бір өзіңді, елдей көріп!..
Жаныңды жаншығанмен сұмдың неше,
Таймаған жан едіңіз,
Шындық десе.
Өзіңмен татулықтан енші бөліп,
Сырласып,
Сыйласып та жүрдік кеше...
Сипадың маңдайымнан, аяладың,
Самалды, саялы еді-ау
Сая-бағың!
Жаныңыз күншіл емес,
Күндей едің,
Біздерден мейіріңді аямадың!
Жан едің, тас жинап, құм санамаған,
Болар-ау, бір өзіңдей, саналы адам.
Қаратып ақындықпен жұртты аузыңа,
Бар жетім,
Бір өзіңді паналаған...
Асулар, өте алмайтын өрді көрдің,
Ығысып өзің шеттеу,
Төрді бердің.
Мұңымды енді кімге шағармын мен,
Анасы ең!
Жердегі бар шерлілердің!..





Пікір жазу