АҚЫН ШАМЫ
(Таңжарық Жолдыұлына)
I жыр
Қарайтын тағдырына таңданып тым,
Секілді жүрек оты –
Таңжарықтың!
Тас қараңғы,
Түрменің саңлауынан,
Жалғасып жарық нұрмен
Шам жанып тұр!..
Жылытып көкірегін ғасыр сазы,
Жанып тұр қараңғыда,
Ақын шамы.
Жанады, қасіреттің бүркеп бəрін,
Шығар күн,
Қылаңдаған жатыр таңы...
Өріліп шамнан алау, жатыр жалын,
Аңсатып ауылдағы –
Асыл жарын...
Аңсатып көз нұрындай балаларын,
Сезбеді ол,
Таңды қалай атырғанын.
Бір күннің өзі жылдай саналады,
Кімге мұң тас түрмеде, шаға алады?!.
Жеті жыл,
Жеті ай мен
Жеті күнде,
Таңжарық!
Шерлі өлеңді паналады!..
Тұрса да қанша таяп қаза жақын,
Ту ғылып көтерді ол,
Қазақ атын!
Тарихын «тозақ түрме» жырлап кетті,
Бар ұлттың,
Азап шеккен,
Азаматын!..
II жыр
Жанына қанша жəбір ұялатқан,
Қинаудан, қорықпады ол,
Қиянаттан.
Сол ма екен əз Тəкеңнің кеудесіне,
Биігін «Арман таудың» ұялатқан?!.
Шер-мұңын төге жүріп заманға ащы,
Өлеңмен ел-жұртына амандасты!
Талқының кезеңіне шығып тұрып,
Аруын, көрді аңсаған
Замандасты...
Көкірегі жаудырды өлең,
жанар жасты...
Қауышып сүйген жары Бəтиімен,
Төгіліп сұмдық сырлар жатыр үннен!..
Күнесі күңіренген,
Аспан тауы,
Аңсаған табысып ең,
Ақыныңмен!
Жеті жыл тас түрмеде зарыққанда,
Қарайтын атты ма деп,
Жарық таңға.
Қазақтың шығыстағы Батыр ханы,
Тұншыққан сол түрмеде
Шарыпхан да!..
Қызық та, қиындық та, өтер бастан,
Күндермен қоштастырып əсерлі, асқан,
«Айранбақ» түрмесінде бес жыл бойы,
Қол-аяқ кісендеулі,
Əкем жатқан...
Қазақтың сол кездегі зиялысын,
Ойы – аспан, ойланғанда
Қиялы – шың!
Бəрін де баудай қырқып түрмелеген,
Халықтың биік тауы, құлау үшін...
Бұл зұлым саясаттың сайқалдығы,
Келеді алда талай айтар күні...
Қытайдың түрмесінен аман шығу,
Батырдың тек батыры,
Қайсарлығы!..
Өзгеге жеткен,
Маған жетпей бақыт,
Ернімнен уыз дəмі кеппей жатып –
Түрменің қақпасынан сығаладым,
Күткенде жан Əкемді, өтпей уақыт.
Еңселі, жазық маңдай, нұрлы жігіт,
Кезінде мол құрметке –
Жүрді жүзіп...
Дегендей, «жүрегі ұшып кетпесінші»,
Сəл қырын қарап, жүзін тұрды бұрып...
Білмеймін, қанша жылап жатқанымды,
Сұмдық сыр,
Бүгін ғана ақтарылды.
Мен қалай ұмытайын, ұмытайын,
Қасірет құшқан бала шақтарымды...
Мен сонда бар болғаны бес жасымда,
Жүріппін дауылдаған өрт қасында.
Арапша жазатынмын Əкеме хат,
Алапат сағыныш та,
Дерт те осында!..
Ел-жұрттан аз болғандай айырылғаны,
Арманның ақ қанаты,
Қайырылды, əне!..
Аққудың көгерегі сияқты едім,
Алаңсыз жүзіп жүрген айдындағы!
Біз көрген көрмейді ешкім қасіретті,
Көздің де жылай-жылай,
Жасы кепті.
Жанымды қайраған да сол қасірет,
Демейді, мені ешкім де,
Жасып өсті!..
III жыр
Қалды артта қанша ма əуен,
Қанша жыры,
Тұрғандай Таңжарықтың аңсап үнін.
Күнестің күңіренсе, тау мен тасы,
Ұмытпас, ақын ұлын,
Хантəңірі!..
Күнестей күркіреген тасқынды едің,
Атыңды қайталамай жатсын ба елің!
Тағдыры қандай ұқсас мықтылардың,
Тарихын жырлап кеткен,
Тас түрменің!
От тілді найзағайға жанып алып,
Сөз майын – Таңжарықтай тамызалық.
Түнегін тас түрменің жарқыратқан,
Ақынның тұрған жоқ па,
Шамы жанып!