27.06.2022
  120


Автор: Марфуға Айтқожина

ӨЗІМЕ АЯН

Қайран жүрек, болып кейде
Қан сорпа
Күзді күнгі жапырақтай Жан солса,
Шіркін өмір,
Арта түсіп қадірің,
Күңгірт тартар,
Жиып-терген сəн-торқа...
Өкінбеймін тірліктегі мұңыма,
Еншім ғой деп қабылдадым бұны да.
Бəрінен де кетем бір күн айығып,
Атамекен,
Орап жүрсең нұрыңа!
Ойға шомып өтті жылдар, өтті күн,
Сағынышты талшық етіп жетті үнім.
Ортаңа кеп,
Отау тігіп отырмын,
Туған жерге борышым да көп бүгін.
Саған жайдым жапырағын жанымның,
Пендемін ғой,
Кейде мен де жаңылдым...
Есеңгіреп, қайта жидым есімді,
Ақтығынан,
Пəктігінен жанымның!


Сені сүйдім, менде титтей жоқ кінə,
Бір сен үшін –
Уыстадым шоқты да...
Бірге көрдім ауырлықтың азабын,
Бірге көрдім,
Баршылықты,
Жоқты да...
Бізді тосып тұрды алыста биіктер,
Екеумізді бірге өсірді,
Сүйікті ел!
Ақын едім еркелеген өмірге,
Маңдайымнан жүрген адал құйып тер!.
Адалдықтан бастап едім жол басын,
Өзіме аян,
Аласаға қонбасым!..
Арыма сен,
Кездеріңде қызғанған,
Болсаң егер,
Бір ғұмырлық жолдасым!..





Пікір жазу