27.06.2022
  105


Автор: Марфуға Айтқожина

АҢСАУ

Біреуді дəл өзіңдей аңсап па едім,
Бұл емес,
Тез сөнетін жаңсақ сезім.
Жарығын сөндірмейді үміт-шырақ,
Қашанғы қалғанынша
Қаусап төзім...
Білемін сенде сенім, қуат барын,
Нұрына жанарыңның шуақтадым.
Жаңғыртып,
Жасын ойнап, төгіп өтті,
Жанымның тербеп жасыл құрақтарын.
Жанымның тербеп жасыл құрақтарын,
Аққу – арман,
Кеудеме тұрақтадың.
Арманымды əлдилеп мен жүргенде,
Жыл құсындай,
Жалт беріп, жырақтадың...
Кім білсін, тұрарымды қанша гүлдеп,
Көрсем-ау деп, өзіңді
Аңсадым көп...
Тағдырға риза болып өтер едім,
Аққудай махаббатым,
Қалса жыр боп!..
Өтермін бұл аңсаудан арыла алмай,
Көктем өтті,
Өмірдің жазы қандай?!.
Болмас еді жандарға еш қадірі,
Өкінішсіз,
Болса өмір,
Бəрі балдай!...





Пікір жазу