27.06.2022
  130


Автор: Марфуға Айтқожина

САҒЫНДЫРДЫ

Кең далаға жауатын қардай қалың,
Атажұртқа көп еді арнағаным.
Арнауымды өлеңмен өріп келем,
Самалындай есіліп сардаланың!
Самалындай сарқылмай сардаланың,
Кіндік қан тамған жерге сан қарадым.
Зары емес жеке бастың,
Заман зары,
Айтпауға оны қайталап,
Бар ма амалым?!.
Жаутаңдаумен өткердік жалын күнді,
Көңілді емес, сондықтан əнім мұңды.
Мұңды əнімді қайталап қоңыр самал,
Аралап кеткен,
Таулар,
Сағым қырды!..
Аралап кеткен алыс, сағым қырды,
Жаным – жырлы,
Ататын таңым – нұрлы!
Болса-дағы бас кеспек,
Тіл кеспек жоқ,
Сағындырды туған жер,
Сағындырды!..
Жаным – жырлы,
Ататын таңым – нұрлы,
Барады асып салған əнім қырды.
Көндікпес асау едім, амалым не,
Сағыныш мені еркіне бағындырды!..





Пікір жазу