27.06.2022
  129


Автор: Марфуға Айтқожина

КӨҢІЛ КҮЙІ...

Күрсінбесем,
Келмейді күлкім менің,
Қуанышсыз өтуде бұл күндерім.
Бар қылығы тұратын қызықтырып,
Дүние-жалған,
Нағылған сүйкімді едің?!.
Лəззатыңа жан тоймас қызық па едің,
Жүремін айдыныңда жүзіп сенің.
Жаудыраған –
Жастығым сен бе екенсің,
Бұлағымды əкеткен
Бұрып менің!..
Қонушы еді ауылым көлге жанай,
Шыдар екен бұл жүрек,
Шөлге қалай?..
Сəлем жолдап құстардан келемін ғой,
Ұшып кеткен күз сайын,
Елге қарай!..
Жүрегімді сағыныш шымырлатса,
Қарайлаумен өтті өмір,
Қиыр жаққа...
Қиыр жақтың самалы соқпай қойды,
Бұл жалғанда не шара,
Бұйырмасқа.
Кетпесін деп тектен-тек өршіл еңбек,
Ширыққан қос шектей,
Шертілем кеп.
Сағынышым барады үдеп менің,
Жаза алмассың,
Жанымның дертін емдеп...
Қайран Анам!
Қайта алмай «Арғы беттен»,
Жетісуын аңсаумен,
Зар ғып өткен...
Санамызда «Туған ел» деген ұғым,
Шегедейін қағылып қалды көптен...
Құстар қайтып, шұбырып барады елге,
Қауышады аңсаған дала, көлге.
Алып кетер ажалдан бұрын мені,
Елге деген сағыныш –
Қара жерге!..
Сағынышты шерттің деп кінəлама,
Сағынбаса, пенделер,
Қуана ма?..
Қуанбаса, күлмесе, тебіренбесе,
Қалар еді құлазып,
Құла-дала!..





Пікір жазу