27.06.2022
  105


Автор: Марфуға Айтқожина

Күндер өтіп жатса да

Күндер өтіп жатса да
Жаңалап ай,
Жүріппін өзімді өзім дараламай.
Жүріппін ешкімге де көпшік қоймай,
Жүріппін ешкімді де ағаламай!..
Жүріппін көлгірсімей,
Жағынбай да,
Қарамаппын сор қайда,
Бағым қайда?!.
Өмірің өткен сайын дауылдатып,
Бұл адам, жылылықты сағынбай ма!..
Қалар ма, дүние-жалған, қаз-қалпында,
Қолым жетпей өтер ме,
Созған шыңға.
Табиғат та тозғандай көрінеді,
Құстар сайрап жатпаса өз даусында.
Кетсе де ұзап, қайырылмас бала шағым,
Бұлтсыз боп көрінсе де болашағым –
Талайынан жүрсем де
Биік болып,
Туған елдің алдында аласамын!
Желпіп өткен желіндей қарашаның,
Қалтыратып жанымды –
Жанаса мұң,
Демесем де көз жазып адасамын,
Биігіме мен де жанталасамын.
Алып берер дейтіндей өшімді кім,
Ешкімге де жоқ менің кесірлігім.
Көп нəрсенің мəнісін
Кеш ұғындым,
Кіндік кескен жерім-ау,
Кешір, бүгін!..
Қызық көрдің, білмеймін, қанша менен,
Бақ-жұлдызым өзіңнен жанса деп ем.
Шыбын жаным шырқырап,
Саған ұшар,
Басқа жерде –
Бақытсыз,
қалса денем!..





Пікір жазу