АТАМЕКЕН
Бөктертіп қанжығаға қаншама арман,
Құйылған тасқындайын сан сонардан –
Жалғанда одан асқан бар ма қасірет,
Еліңді, туған жерді аңсағаннан?!.
Құралған сан түстерден, сан сəуледен,
Өмірің өтіпті, Анам,
Аңсауменен...
Аңсау дейтін –
Адамның ар-ұяты,
Содан сөніп кетерсің,
Жансаң неден...
Төзімді еді қазақтың халқы қандай,
Сорынан арылмаған, тайқы маңдай!..
Жайым жоқ,
Көрге арқалап кететұғын,
Кезінде айтарымды, айтып алмай!..
Біреуі өзім бе екем, сормаңдайдың,
Қамықпай өтпейді екен,
Толғанбай күн...
Бұл қалың қазағымның қасіреті,
«Сормаңдай!» болғаныма,
Қорланбаймын!..
Тірліктің мəні неде, сəні неде,
Адамның бірдей емес, əрі неге?!.
Өркенін өрбітсін деп, аз қазағым,
Əлемнің шашты ма екен,
Бəріне де?!.
Келетін шуақ күнін тосып батыл,
(Ауылы бауырластың қашықта тұр...)
Атыңнан айналайын,
Атамекен!
Бастарын сол қазақтың қосып жатыр!