27.06.2022
  116


Автор: Марфуға Айтқожина

Бұл үнді айта алмаймын ақтық үн деп...

Бұл үнді айта алмаймын ақтық үн деп,
Жырларың жүрек отын
Жатсын үрлеп.
Əйтпесе, кетермін мен сөніп бір күн,
Заманда сергелдеңді қақтығу көп...
Мұңым аз,
Дей алмаймын шаттығым көп,
Жүземін жыр айдында,
Аққуың боп.
Үзіліп сағыныштан кетер ме екем,
Жүрек отын самалың,
Жатсын үрлеп!..
Кетпейді көзді жұмсам ұшқын-елес,
Сендей құдірет,
Ешнəрсе күшті де емес.
Осынау аз ғұмырда түсінгенім,
Туған ел,
Мен өзіңсіз ешкім емес!..
Білгенге мұңымды айтып, ақтарылам,
Жетер ме қанша айтсам да
Жатқа бұл əн?!.
Ұшырып арманымды асқарынан,
Жүректің жыр ағыттым шатқалынан!
Өкінбен тағдырыма,
Өкпелемен,
Көңілім көл секілді,
Көпке деген!
Анашым туған елін аңсап жүріп,
Қайғының құндағына –
Көп бөленген...
Содан ба, мұңлы сазды төкпелегем,
Бəрі бір,
Тағдырға мен өкпелемен!..





Пікір жазу