27.06.2022
  111


Автор: Марфуға Айтқожина

ОЙЛАДЫМ

Тағармын ба, жансерік, өлеңге айып,
Тамырын қарағайдай,
Терең жайып –
Халқымның өнер дейтін қазынасын,
Игерген сайын іштей,
Келем байып!..
Аяздай қабырғама жатқан батып,
Өтіпті отыз жылдан астам уақыт...
Жүрсем де қара жаяу, қара жерде,
Атымды келеді өлең,
Аспандатып.
Көргендей биік таулар самырсынын,
Есіме сан оралар,
Тəңір шыңым.
Еркіне бағынбасқа бар ма шара,
Осынау уақыт дейтін əміршінің.
Кім білген туған жердің мұндай мəнін,
Өзіңді түнде ойладым,
Күнде ойладым.
Сарғайған сағыныштың азабы ма,
Тұстасымнан ертерек ұлғайғаным?!.
Өзіңді күнде ойладым, түнде ойладым,
Ойлаған сайын толқыр,
Тынбай жаным.
Қосайын толқынымды толқыныңа,
Кеудеңнен шыққан мен де жыр қайнарың!..





Пікір жазу