
Мен қалай елімді айтып мақтанбайын...
Мен қалай елімді айтып мақтанбайын,
Қоңыраулап,
Қоңыр үнді Мақпалдарым –
«Жер – Аспанды» желпінтіп Қабылаштар,
Қондырып «Қоңыр қазын» жатқанда айдын.
Ел жайлы, елдік жайлы тағы да ойлап,
Атойлап, шықты жүйрік,
«Абылайлап!»
«Құландар, қайта оралып Аралына»,
Жұрт оған жайды құшақ,
Ауыл аймақ!..
Сол кеште бір жаңғырды «Жер мен Аспан»,
Тəуелсіз ел құдіретін сезген астам.
Тым-тырыс, үлкен-кіші құлақ түрді,
Табанын қасиетті жерге басқан.
Беріліп ойларға ерік айта алмаған,
Тау ішін бір жаңғыртты,
«Айқай, заман!...»
Зары ма əлде заманның,
Əлде адамның,
Қалды бір ұйып-тыңдап,
Қайсар ғалам!
Дүние бір дүрлігіп, пай-пай бүгін,
Ерекше екпіндейді,
Байсалды үнім...
Тірілтіп Дəнешті де, əн естілді,
Жұртқа бір елестетіп
Жайсаң жүзін...
Ерекше, Алматының түні бүгін,
Аспанда дамылдатқан тұнық үнін.
Бұл аламан бəйгесі өнерімнің,
Қазақтың айтып жатыр,
Ұлылығын!
Бұл да бір жүзім жарық,
Жайсаң күнім,
Жұртыма жеткізуде байсалды үнін.
Жарқырай түсті тіптен –
Жаңа ғасыр,
Халқымның көрген кезде қайсарлығын!
Қалайша, бұлбұл сайрап, əн салмасын,
Қалайша, тыңдаған жұрт, тамсанбасын.
Келгенде хас өнерге,
Қайран қазақ,
Жұрт біледі,
Алдына жан салмасын!
Тынар ма, егескенде озбай дарын,
Тереңді тебіренте қозғайды əр үн.
Өтсе де талай ғасыр,
Таптай-жаншып,
Озбаса,
Ешқашан да тозбайды əнім!
Өнерге келген кезде кезек бүгін,
Бөгеттер, тоқтата алмас,
Өр екпінін.
Көрсетті сын сəтінде, тарландарым,
Ұшқырлық,
Теңдесі жоқ зеректігін.
Жүректі тербетеді шаттық-жалын,
Сол кештің таттым зарын,
Таттым нəрін.
Дəриға,
Қиқулаған əн көшімен,
Бірге ұшып барады,
Аққу-жаным!..