27.06.2022
107
ТҰРҒАНДАЙ ТЕРЕЗЕДЕН КӨКТЕМ ҚАРАП
Көктем келді, бұл өзі қандай көктем?
Жүруші ем, шуағына қанбай көптен.
Қараймын жас шағымның көктеміне,
Жарқырап бақ жұлдызы,
Жанбай кеткен...
Көктем келді, нағылған ерке көктем,
Ерніңнің алауымен
Өртемек пе ең?!.
Жүрегіне қыздардың тілеп келем,
Сұлулығын көктемнің берсе деп мен!
Көктем келді, киімі жасыл қандай,
Бұл дүниенің ажары ашылғандай.
Дарқандығын өзінің ала келді,
Шашпаған жерге гүлден шашу қалмай!
Бəйгедейін баурынан жеткен жарап,
Келгенінше ол-дағы шеккен бе азап?!.
Сұлу сезім сырына оранайын,
Терезеден тұрғанда,
Көктем қарап!
Сəуле шашып қарайды терезеден,
Дүр сілкінді табиғат,
Терек, емен...
Бұлқынуға шама жоқ бұлақтарда,
Арнасы тасып жатыр,
Терең өзен!
Көктем ару телмірді терезеден...