СЕНІМ
Көктемнің көшкендей бір жарқын селін,
Жанарың жалт ете қап,
Тартушы едің!
Елімнің маған деген сенімі екен,
Лайықпын сеніміңе,
Халқым сенің!..
Тұрғанда отты жүрек ойды тербеп,
Ұстаймын қашан-дағы бойды сергек!
Тап-тақыр түк өспейтін шөлді, шөл деп,
Атаған қандай жақсы, көлді – көл деп.
Шындықтың шымырлаған бастауынан
Қана алмай, шіркін жүрек,
Келді шөлдеп...
Бар ма жетер, шынайы жылылыққа,
Ақынды ұғар,
Жанының жырын ұқса.
Жүрекке жылу керек ұғу үшін,
Толысар, жылылықпен ұлылық та!
Болмаса жылылығы махаббат па,
Тарайды жылылықтан –
Шапағат та.
Жандарда шапағатсыз,
Қайырым жоқ,
Бəрін құрбан ететін, атақ-атқа!..
Болмаса жылылығы, жүрек суық,
Болар ма, жылуы жоқ,
Тілек тұнық?!.
Егіздің сыңарындай емес пе олар,
Жүректегі жылу мен ізеттілік!
Махаббат дейтін құдірет сөнбесін деп,
Келемін мен арыма,
Күзеттіріп!..