27.06.2022
  124


Автор: Марфуға Айтқожина

МЕНІҢ ӨСКЕН ДАЛАМДА

Дүбірлетіп көкірегімді тосын бір,
Жүр ме деймін,
Белестерден тосып жыр.
Құрық тимес құландайын қырдағы,
Талай қиял,
Қайыру бермей жосып жүр.
Жаудан аман болса жеткен тұйықтан,
Жүре берсін,
Үйірімен құрып сəн.
Арғымаққа жарасады асаулық,
Қайда барып құтылар дейсің,
Құрықтан...
Қайда қашып кетер дейсің ноқтадан,
Асау үшін –
Асқан жəбір жоқ та одан.
Өлең түспей отырған күн аузыма,
Күре тамыр сияқтанам,
Тоқтаған.
Жүрегіме тастай батар ауыр үн,
Арғымаққа қамшы үйірме,
Бауырым!..
Желдей берсін,
Менің өскен даламда,
Арғымақтар!
Нұрға жуған сауырын.
Арғымаққа кигізбеңдер ноқтаны,
Ноқталаған арғымақтың жоқ сəні.
Жіберіңдер кең көсілген далаға,
Арғымақтың көбейсінші топтары,
Тимесе екен содырлардың шоқпары,
Жанарында жансын дала шоқтары.
Дүбірлетіп көкірегімді тосын бір,
Жүр ме деймін,
Белестерден тосып жыр.
Құрық тимес құландайын қырдағы,
Талай қиял,
Қайыру бермей жосып жүр!..





Пікір жазу