27.06.2022
  179


Автор: Марфуға Айтқожина

АЙТЫС

Талайғы тұтандырып сөнген отты,
Айбынды –
Айтыс үні елге жетті.
Дауысы ақындардың айды аймалап,
Шыңдарын Алатаудың тербеп өтті.
Жетті жұрт айтыс үні жаңғырғанда,
Сабылтып сайгүлікті –
Сан қырдан да.
Аялап жатыр бүгін Алматымыз,
Бауырын –
Қырғыз,
Өзбек,
Моңғолдан да...
Тұлпардың естіген соң дүбірлерін,
Көңілім көтеріңкі –
Бүгін менің.
Келе алмай бұл айтысқа қалған елдің
Сеземін,
Жүректері –
Жүгіргенін!
Тұндырып сұлулыққа қарашығын,
Тербетіп жатқан жоқ па дала сырын.
Айналдым,
Бауырлардан осындағы,
Аямай ала келген жан асылын!
Тыңдаған бозторғайдың тамаша үнін,
Жайлаған кең даланың –
Тау,
Асуын...
Қаншама қауым отыр ақ ордамда,
Қарашы, бас қосылып,
Жарасуын!
Шын тұлпар қалай шыдар, озып келмей,
Көргенде осыншама жанашырын!
Даусымен желпілдеткен киіз үйді,
Толқытпас қазағымның
Күйі кімді.
Айтысым!
Алатауды аспандатшы,
Адасып қайта тапқан үйіріңді.
Шашуым болсын саған ұлы тойда,
Аузыма сөз нөсері үйірілді!
Қыздырған айтыстан да
Айналайын,
Қашанғы мұздап жүрген бүйірімді!..





Пікір жазу