27.06.2022
  117


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЖЕЛІ ГУЛЕП

Топталып кейде басқа тамам қайғы,
Ойларым өрге баспай табандайды.
Бір жерден табылса егер берекеміз –
Дұшпан да бір кемшілік таба алмайды.
Бірақ оған өреміз жетпей қойды,
Ақтарылып айтылған шектей ме ойды.
Құдай-ау!
Қандай адам қағар екен,
Осынау қиындықпен жеткен қолды.
Келсе де жау апатын төндіргелі,
Ошақтың отын елім,
Сендірмеді.
Сыйлады қасын дəйім достан артық,
Келсе де не қаскүнем,
Көлгірлері...
Түбіме жетер ме екен мырзалығым,
Түнекті тұл етсем деп,
Тұр жарығым!
Кешегі «Желтоқсанның» желі гулеп,
Жүректен сөнбей оның жүр жалыны.
Ұлдарын ұл,
Қыздарын қыз демеді,
Сірестіріп тастады мұз денені...
Ата-ананың аузын таспен жапты,
Сұрау салып артынан іздеп еді.
Жастарға толып кетті түрмелері,
Еске алсам оны тілім күрмеледі.
Жасқанып өз жерінде,
Жəбір көріп,
Қашанғы құлдық ұрып жүрмек еді.
Соны ойлап,
Жаңбырдайын жаусаң жаным,
Жақын іздеп мұң шағар,
Жаутаңдадым.
Жеп-жеңіл қауырсындай қалтырадым,
Айырылып айбынынан –
Тау салмағым.
Имеген жаншыса да күшке басын,
Жастарым!
Туыпсың-ау,
Іштен асыл.
Сендерді жапа шеккен ойлап кетсем,
Бойыма тарамады ішкен асым.
Тапталып табандарға бұрымдары,
Қыздардың шырқырады-ау,
Құлын жаны...
Анаға қолы қалай көтерілді,
Бəріне, айтшы, кəне,
Кім кінəлі?
Айырар келді кезің ақ-қараны,
Қашанғы сені біреу басқарады.
Бар кілті бақытыңның өз қолыңда,
Енді сенің ғасырың басталады!..





Пікір жазу